8 қыркүйек күні Ақтау қаласында сағат 21-45-те 16-шы ықшам аудан, 59 үй мекенжайында екі тұрғын үйдің ортасындағы қуысқа бала құлап кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиға орнында қалалық төтенше жағдайлар департаментінің екі көлігі мен жеке құрамнан сегіз қызметкер жіберілген.
"Оқиға орнына жеткен ТЖД мамандары аталған мекенжайда жеті қабатты тұрғын үйдің шатырынан қабырғалары жақын орналасқан екі тұрғын үйдің арасындағы қуысқа баланың құлап, бірінші қабаттың тұсында қыстырылып қалғанын анықтады. ТЖД қызметкерлері күшімен 2006 жылғы жасөспірім қауіпсіз жерге шығарылып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды. Қазіргі таңда зардап шеккен бала Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөлімінде жатыр, жағдайы ауыр", – деп жазды Маңғыстау облысы ТЖД баспасөз қызметінен.
Зардап шеккен баланың тұрғын үйдің шатырында достарымен бірге ойнап жүргені, ата-анасының қарауынсыз болғаны да нақтыланады.