Хиджаб дауы: Оқу-ағарту министрлігі діни басқармадан ұсыныс түспегенін мәлімдеді

Ғалиасқар Думан

Оқу-ағарту министрлігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан мектептегі хиджаб мәселесіне қатысты ресми ұсыныс түспегенін хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы ведомствоның кеңсесіне, сонымен қатар балалардың құқығын қорғау комитеті мен тәрбие ісі жөніндегі департаментке Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан мектептегі хиджаб мәселесіне қатысты ешқандай ресми хат келіп түспегенін хабарлады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы әлеуметтік желіде “ҚМДБ өз құзыреті аясында бұл мәселеге қатысты уәкілетті мемлекеттік мекемелерге тиісті ұсыныстар берді” деп жазған еді.

Бұл мәселе туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев  жекелеген азаматтардың мектептерде хиджаб киюге рұқсат беру туралы талабына қатысты пікір білдірген.

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров кез келген діни шектеулер конституциялық құқықтардың бұзылуына алып келетінін мәлімдеген. Ал оның әріптесі Ардақ Назаров Қазақстан зайырлы мемлекет екенін еске салып, оның әрбір азаматы заңға бағынуы керегін айтты.

Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғатымыз балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейтінін мәлім етті. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да ойын айтқан.