Биыл Қазақстанда мұнай өндіру көлемі біршама азаюы мүмкін. Бұл туралы энергетика вице-министрі Асхат Хасенов мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Жоспар бойынша жыл соңына дейін 90,5 млн тонна мұнай өндіру қарастырылған. Биылғы 8 айдың қорытындысына қарасақ, жоспарлы деңгейге жетпей жатырмыз. Алайда жыл соңына қарай белгіленген көрсеткішке жетуге тырысамыз», - деді ол.
Хасеновтің болжамынша, жыл қорытындысы бойынша шамамен 89 млн тонна мұнай өндірілуі мүмкін.
«Еліміздегі ірі жобалар бойынша тиісті техникалық жұмыстар атқарылып жатыр. Олар бұл іс-шараларды тез арада аяқтаса, онда мұнай өндіру көлемі артады. Жалпы, биыл 90,5 млн тонна өндіру керекпіз, бірақ бұл көрсеткіш сәл азаюы ықтимал», - деді вице-министр.
Бұдан бұрын Алмасадам Сәтқалиев МАЭК-тегі апат Қазақстанның мұнай өндірісін тұралатқанын мәлімдеген.
Еске салайық, 12 тамызда МАЭК-те кезекті апат болды. Салдарынан үшінші энергоблок өшіп қалды. Маңғыстау облысындағы бірнеше ауылдың тұрғындары жарықсыз қалды.
Одан бұрын 3 шілдеде МАЭК-те №1 энергетикалық блоктың жұмысы апатты жағдайда тоқтап қалған болатын. Апат салдарынан "Атырау мұнай өңдеу зауытының" жұмысы да тоқтады.
МАЭК қызметкерлері сәуір айында кәсіпорында жабдықтардың тозғанын, сондай-ақ жалақының төмендігіне байланысты кадрлар жетіспейтінін айтқан. Ulysmedia тілшісі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтен неге бұл ескертуді ешкім елемегенін сұрады.
Министр МАЭК-тегі жағдайдың күрделі екенін растады. Онда толық көлемде күрделі жөндеу жүргізілмеген, қаржыландыру жеткіліксіз болған.