Бекбол Мираштың ісі: Бас әскери прокурор сержантқа шыққан үкіммен келіспейді

Аян Өрібай

Тараз қаласындағы «Шөлдала» шекара бөлімінде былтыр өз-өзіне қол салған сарбаз Бекбол Мираштың ісіне әлі нүкте қойылған жоқ. Сенат кулуарында бүгін Бас әскери прокурор Дастан Сәкенов аға сержант Айбек Нұртаевқа шыққан үкіммен келіспейтінін мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Еске сала кетсек, 2022 жылдың 19 тамызында ҰҚК Шекара қызметіне қарасты Тараз қаласындағы «Шөлдала» шекара бөлімінде борышын өтеп жүрген 2004 жылғы Бекбол Мираш асылып тұрған жерінен табылған болатын. Күдікті ретінде сол жердегі келісімшарт бойынша әскери қызметкер Айбек Нұртаев танылған. Бұған дейін оның адвокаты Сержан Пірәлиев журналистерге осы іске қатысты адам сенгісіз фактілерді жария еткен. Оның айтуынша, сот кезінде сараптама тағайындалып, қайтыс болған сарбаздың аузынан, іш киімінен шәуіт табылған.

Биыл 24 тамызда Шымкент гарнизоны соты Жамбыл облысы "Шөлдала" шекара бекетінде қайтыс болған сарбаз Бекбол Мираштың өліміне қатысты күдікке ілініп, айыпталған 40 жастағы аға сержант Айбек Нұртайды "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабымен ақтап шықты. Бірақ сот оны "қызметін асыра пайдалану" және "ақшаны қорқытып алу" бабымен кінәлі деп танып, үш жарым жылға бас бостандығынан айырды.

Бүгін Сенат кулуарында Бас әскери прокурор Дастан Сәкеновтан журналистер осы істің мән-жайын сұраған. Бас әскери прокурор Айбек Нұртайды кінәлі деп есептейді.

“Біз үкімге наразылық келтіреміз. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін іске ораламыз. Біздің ойымызша, Мираштың өз-өзіне қол салғаны келісімшарт бойынша әскеридің әрекетінен болды”, – деді  Дастан Сәкенов. 

Оның айтуынша, тергеу кезінде адвокат келтірген дәйектердің бәрі тексеріліп, жауап берілген.

“Үкімге наразылық келтіреміз. Басынан бастап біздің нұсқа – келісімшарт бойынша әскеридің әрекеті салдарынан өзіне қол салған. Ол адам сотталды”, – деді ол.

Бас әскери прокурор қайтыс болған сарбаздың аузы мен киімінен “шәуіт табылды” деген сөзді жоққа шығарды.

“Сарапшылар әуелде дұрыс бағаламаған. Сол себепті біз бірнеше қайтара сараптама, генетикалық зерттеу жүргіздік. Ол зерттеулер қандай да бір… Бұл істе қайтыс болған адамның ар-ожданы жайлы айтылып отыр. Адвокат бұл мәліметтерді БАҚ-қа таратып, қате істеді. Біріншіден, бұл блогер емес, кәсіби адвокат. Ісін жүргізгенде заңға сүйенуі керек еді. Жағдайдың мән-жайын жариялау дұрыс болмады”, – деді ол.