Қазақстанда "Камызяки" концерттері өтпейтін болды

Ғалиасқар Думан

Қазақстанда ресейлік "Камызяки" командасының концерттері өтпейтіні туралы ақпаратты ұйымдастырушылар растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

видеодан кадр

Мұндай шешім қазақстандықтардың наразылығына байланысты қабылданғаны хабарланды.

"Камызяки" ұжымы әртістерінің көпшілік алдында жасаған әрекеттеріне жұртшылықтың резонансты теріс реакциясын ескере отырып, ұйымдастырушылар тобы Қазақстан бойынша олардың жеке концерттерін толығымен тоқтату туралы шешім қабылдады", - делінген хабарламада.

Билеттерді қайтару мәселесі бойынша операторларға хабарласу керегі айтылды.

Айта кетейік, команданың концерттері Алматы қаласында 5 қазанда және Астана қаласында 7 қазанда өтеді деп жоспарланған.

Бұдан бұрын желіде "Камызяки" командасының Қазақстандағы концерттерін тоқтатуды талап еткен петиция жарияланды.

"Азамат Мұсағалиев әзілкеш Нұрлан Сабуровпен бірге қазақстандықтардың наразылығын тудырып, ТНТ федералды каналында қазақ тілін мазақ етіп қана қоймай, Денис Дороховпен және өзінің "Камызяки" командасымен бірге жақында оккупацияланған Донецкте өнер көрсетті. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумында Ресей Федерациясының президенті Путинмен кездесуде Қазақстан "Луганск және Донецк халық республикаларын"  мойындамайтынын мәлімдеді. Біз, қазақстандықтар, егемен ел Украинаға агрессияны қолдайтын адамдарды өз елімізде көргіміз келмейді. Біз бейбіт елміз және бейбіт халықпыз", – деді петиция авторлары.

Бірер күн бұрын Мұсағалиев "Донецк халық республикасына" барған (Украинаның шығысында құрылған Ресейдің бақылауындағы және қолдауындағы сепаратистік мемлекет. 2014 жылдан 2022 жылға дейін ол өзін-өзі мемлекет деп жариялаған, содан кейін оны Ресей қосып алды).

Мұсағалиев Донбастың Гитлер режимінен босатылғанына 80 жыл толуына орай Саур-Могилада өткен үлкен концертке қатысты.

"Әзілкештер үшін адамның күлімсірегенін көру – нағыз марапат. Жанарымен және жүрегімен күлетін адамдармен кездесу бізді қатты шабыттандырады. Сондықтан оларға үлкен рахмет, бүгін олармен жүздескенімізге қуаныштымыз", - деп атап өтті ол.

2022 жылдың қарашасында Мұсағалиев пен соғысты қолдайтын әнші Ольга Бузова мобилизация кезінде елден кеткен ресейліктерді мазақ етті.

2017 жылы әзілкеш өзінің Ресейде туылғанына қарамастан қазақ екенін мәлімдеген.