"Бұларға сот жоқ па?": түркістандықтар цемент зауытынан шығатын зиянды түтінге шағымданды

Ғалиасқар Думан

Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы цемент зауытының жанындағы ауыл тұрғындары кәсіпорынның ауаны ластап жатқанына шағымданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

видеодан кадр

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кәсіпорынның берген уәделеріне қарамастан ауаға лас қалдықтар шығару әлі тоқтамаған.

"Састөбе ауылындағы цемент зауыты экология департаменті салған айыппұлдарға қарамастан атмосфераға зиянды қалдықтар шығаруды тоқтатар емес. Неліктен экологияға, қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына келтірілген зиян тек айыппұлмен есептеледі? Акционерлер, зауыт басшылығы – бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктер.... Бұларға сот жоқ па, заң алдында адамның бәрі бірдей болмағаны ма?"- деп ашуланады тұрғындар.

Айта кетейік, цемент зауыты бірнеше жыл бойы қараусыз қалды, алайда 2022 жылдың сәуірінде өндіріс қайтадан жолға қойылды.

Зауыттың тарихы 1952 жылдан бастау алады, өндіріс шикізат ретінде пайдаланылатын әктас кен орнында орналасқан.