Қазақстандағы қар барыстарын сақтауға Қытай мен Ресей көмектеспек

Ulysmedia

Snow leopard foundation-да Қазақстандағы алғашқы қар барыстарын сақтау және өсіру орталығын құруға Ресей мен Қытайды тарту жоспарланып отыр, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

фото: Ашық дереккөзден

Snow leopard foundation халықаралық қоры Қазақстандағы алғашқы қар барыстарын сақтау, оңалту және өсіру орталығын құруға Ресей, Қытай мен Қырғызстаннан мамандарды тартуға ниетті. Орталық Алматы қаласындағы Іле-Алатау ұлттық паркінде жұмыс істейтін болады. Қазір Қор мен Ұлттық парк арасында ғылыми қызмет туралы шартқа қол қойылды. Орталықты құру жобасы БҰҰДБ, ЮНЕП, сондай-ақ Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) қатысуымен жүзеге асады. Snow leopard foundation Қазақстан аумағында орталықты құруға қатысуға тарту мақсатында кавказ қабыланы мен амур жолбарысының популяциясын сақтау және ұлғайту ісінде тәжірибесі бар Ресей тарапымен келіссөздер жүргізді.

Қытай тарапының ықтимал қатысуына келсек, Қор белгілі меценат және филантроп Джек Ма қорымен ынтымақтастықты талқылауға ниетті. Қытайлық әріптестерге бірлескен жұмыс перспективаларын одан әрі талқылау үшін қар барыстарын сақтау және өсіру орталығы бойынша презентация жолданды.

Орталық жұмысы қар барыстарын зерттеу бойынша алғашқы ғылыми зертхана құруды көздейді. Зертханада ғалымдар үшін арнайы әзірленетін қосымшалары бар жеке деректер қоры болады. Бұл Қазақстандағы қар барыстарының экожүйесін есепке алу және зерттеу нәтижелерін жүйелендіруге мүмкіндік береді. Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры бұл бағыттағы серіктес болып саналады. Бүгін Талғар шыңының маңайында 3 000 м астам биіктікте 90-нан астам фототұзақ орнатылып, «Алтын Емел» саябағында және т.б. 23 қар барысына ID төлқұжаттар тағайындалды.

Ғалымдардың бағалауынша, қазір Қазақстанда 130-ға жуық қар барысы мекендейді. Алдағы 10 жылда тағы да 10 дарақтың санын көбейту Қордың мақсаты саналады.

Бұдан бұрын мәлімделгендей, осыдан 3 апта бұрын Қор және зоология институтының ғалымдары Алматы облысының «Алтын Емел» ұлттық паркінде қар барыстарының 10 дарақты популяциясы бар жаңа мекендеу ортасын тіркеді. Бұған дейін осы ұлттық паркте қар барысы болмады. Олар 20 ғасырдың 50-ші жылдарында КСРО кезінде-ақ жойылған болатын.

Snow leopard foundation жеке халықаралық қорын 2018 жылы танымал кәсіпкер Нұрәлі Әлиев құрған. Қор Қазақстан Республикасының символы саналатын қар барысын кейіннен табиғи мекендеу орындарына қайта көшірумен оларды сақтау, оңалту және өсіру жөніндегі міндетті алдына қойды.

«Алтын Емел» ұлттық паркі 1996 жылы құрылды. 2017 жылы «Алтын Емел» ЮНЕСКО аясында дүниежүзілік биосфералық қорықтар желісіне енгізілді.