Министрлік Талғарда дәрігерлерді соққыға жыққандарды жазалауды талап етті

Ғалиасқар Думан

Денсаулық сақтау министрлігі Талғар ауданындағы ауруханада болған оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

gov.kz

Еске салайық, кеше Талғарда әкесінің ауруханада көз жұмғанын естіген ұлдары дәрігерлерді сабап кетті. Зардар шеккендер бастан жарақат алған. Біреуінің маңдайы жырылған, көзі ісіп, сынған жері бар. Екіншісінің мұрны сынған. 

Денсаулық сақтау министрлігі осы құқыққа қайшы әрекеттерге құқық қорғау органдарының тарапынан сәйкес баға берілуі, шабуыл жасаған адамдар заңның барлық талаптары бойынша жазалануы тиіс екенін мәлімдеді. 

“Талғар ауданының АОА-да қызметтік міндеттерін атқару кезіндегі медицина қызметкерлеріне қатысты жол берілмейтін зорлық-зомбылық әрекеттері жасалған өрескел оқиға болды.  Реаниматолог пен мейіргер пациенттің агрессивті туыстарының шабуылынан ауыр жарақат алды. Дәрігерлерге жасалған мұндай қаскүнемдік шабуылдар ауыр пациенттерге медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымның қызметіне араласуға мүлдем жол берілмейді және адамгершілікке жатпайды”, – дейді министрліктегілер.

Ведомство денсаулық сақтау жүйесінде пациенттер мен дәрігерлердің қауіпсіздігі, науқастарға медициналық көмек көрсету үшін жағдай жасау әрқашан алдыңғы қатарда тұратынын атап өтті.

“Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде оларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері жасалған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, медицина қызметкерлерін құқықтық қорғау, қауіпсіздік және мәртебесін нығайту бастамасын көтереді. Заңнамаға енгізілген өзгерістер Парламент мәжілісінде қаралады және жақын арада бекітіледі деп үміттенеміз”, – делінген мәлімдемеде.