Ішкі істер министрі Ержан Сәденов ҰҚК басшысының бұрынғы орынбасары Самат Әбішке қатысты тергеу жайлы түсініктеме беруден бас тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тілшіміз жаңа ішкі істер министрі Ержан Сәденовтен құқық қорғау органдары Самат Әбішке қатысты қылмыстық істі 1,5 жылдан кейін ғана қозғауының себебін сұрады.
"Тергеумен арнайы прокурорлар айналысады, сондықтан бұл жерде жауап беру дұрыс емес және біліксіздік болады. ІІМ тергеумен айналыспайды", - деді министр.
ІІМ басшысы осы тергеу туралы қандай да бір сұрақтарға жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты.
Еске салайық, қаңтардағы тәртіпсіздіктер ісі бойынша сот отырысында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 5-ші департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов Қаңтар оқиғасы кезінде өзіне Самат Әбіш бұйрық бергенін мәлімдеген еді.
Көп ұзамай Бас прокуратураның Самат Әбіштің тергеліп жатқанын хабарлады.
Бұдан бұрын депутат Ермұрат Бапи Самат Әбіштің үстінен іс қозғалуына қатысты пікір білдірген.