Шымкент полициясы қалалық аурухана дәрігерлеріне жұдырық ала жүгірген ер адамның ұсталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиға орнына барған полицейлер мекемеге жедел жәрдеммен жеткізілген науқас, оған алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде медқызметкерлерге шабуыл жасағанын анықтаған.
“Құқық бұзушы ұсталды. Сараптама тағайындалды, оның қорытындысы бойынша ҚР-ның заңнамасы аясында тиісті шара қабылданады”, – делінген полиция хабарламасында.
Еске салайық, бұдан бұрын әлеуметтік желіде Шымкенттегі емдеу мекемесінде пациенттің дәрігерге тап берген видеосы тараған еді.
Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, оқиға 20 қыркүйекте кешкі сағат сегіз шамасында болған.
«20 қыркүйек күні сағат 19:50-де Гипербариялық оксигенация орталығына 1995 жылғы азамат жедел медициналық жәрдем көлігімен жеткізілген. Жақындарының айтуынша, пациент улы сұйықтық ішкен. Науқасты дәрігерлер тексеріп, психикалық қозу жағдайының болуына байланысты, тыныштандыру, ем шараларын жүргізу мақсатында жансақтау бөлімшесіне кіргізген. Алайда науқас көмек көрсетуге қарсылық білдіріп, медициналық қызметкерлерге күш көрсеткен.», - деп хабарлады басқарма.
Осыған ұқсас оқиға таяуда Алматы облысында да болған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ләззат Ақтаева Талғарда әкесінің ауруханада көз жұмғанын естіген ұлдары дәрігерлерді сабап кеткенін жазған еді. Ол кезде жансақтау бөлімінің дәрігер-реаниматологы мен мейіргері зардап шеккен.
Көп өтпей, Талғардағы оқиға бойынша дәрігерлерге тап бергендер қамауға алынды.