«Қазір балалар бір-бірін аямайды»: Келесте оқушылар қан-жоса болып төбелескен

Ғалиасқар Думан

Түркістан облысында мектеп оқушыларының бір-бірін аямай сабағаны видеоға түсіріліп, әлеуметтік желіге тарап кеткен. Оқиғаның Келес ауданында болғаны анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia тілшісі.

Фото: Скриншот

Келес аудандық полиция бөлімінің хабарлауынша, оқиға 21 қыркүйек күні болған. Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, 11 сынып оқушылары арасында келіспеушілік болғаны жайлы айтып, арызданған. Оқиға орнына бірден Түркістан облысы ПД мен аудандық полиция бөлімінің басшылығы шыққан.

«Анықталғандай, Келес ауданындағы мектептің жоғары сыныптағы 2 оқушысы өзара сөзге келіп келіспеушілік туындап, екіншісі көрші мектептегі жоғары сыныптың оқушысын шақырып, келген оқушы жәбірленушіге соққы жасаған. Ақыры, жәбірленуші 11 сынып оқушысы емханаға түсті. Бүгінгі таңда ем қабылдап жатыр. Оқиға бойынша сот-сараптамалары тағайындалды», - делінген хабарламада.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі (бұзақылық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Әлеуметтік желіде бұл оқиға қызу талқыланып жатыр. Бекболат Қаржан атты азамат «қазір оқушылар бір-бірін аямайтынын» айтып, құзырлы органдарды шара қабылдауға шақырады.

Полиция бөлігі бұған дейін Түркістан облысы ПД бастығының тапсырмасымен облысқа қарасты 17 ауданда полиция, әкімдік пен мектеп ұжымы жиналып, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында бірқатар іс-шараларды ұйымдастырғанын, ата-аналардың қатысуымен арнайы жиналыстар өткізілгенін атап өтеді.