Халықтың зейнетақы қорындағы 333 млрд теңгесі 13 елдің бағалы қағаздарына салынды

Ғалиасқар Думан

Қазақстан Ұлттық банкі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан шет мемлекеттердің бағалы қағаздарына 333,2 млрд теңге салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Зейнетақы жинақтары салынған қағаздардың орташа жылдық табыстылығы 5,62%-ды құрайтыны хабарланды.

Атап айтқанда, қазақстандықтардың зейнетақысы АҚШ, Оман, Панама, Филиппин, Шарджа Әмірлігі, Катар, Марокко, Польша, Сауд Арабиясы, Венгрия, Индонезия, Мексика және Румынияның мемлекеттік бағалы қағаздарына салынды.

АҚШ-тың бағалы қағаздарына ең көп ақша салынған – 200 260 500 000 теңге. Екінші орында – Оман (34 049 926 000 теңге), үшінші орында Шарджа Әмірлігі (26 262 670 000 теңге) тұр.

Еске салайық, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап «БЖЗҚ» АҚ салымшылары жинақтарының 50%-ға дейінгі бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыларға (БЖЗ) жеткіліктілік шегін есепке алмай жарналардың міндетті түрлері арқылы аудара алады.