Стати ісі: Нидерланды Жоғарғы соты Қашаған акцияларына қатысты шешім шығарды

Ғалиасқар Думан

Әділет министрлігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ Нидерланды Жоғарғы сотында сомасы 4 млрд АҚШ долларына тең KMG Kashagan B.V.-дағы акцияларына байланысты Анатол Стати, Габриэль Стати, Ascom S. A. және Terra Raf Trans Trading Ltd (Стати) қарсы іс жүргізуде түпкілікті жеңіске жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

2022 жылғы маусымда Гаага Апелляциялық соты Статидің Қазақстан Республикасына қарсы алған төрелік шешімді орындау мақсатында қойған Самұрық-Қазынаға тиесілі KMG Kashagan B.V.-дағы акцияларына салынған тыйымның күшін жойған болатын.

Әділет министрлігінің мәліметінше, 2023 жылғы 22 қыркүйекте Жоғарғы сот Статидің бұл шешімге шағымын қабылдамады, бұл акциялар әдеттегі халықаралық құқыққа сәйкес орындалудан иммунитетке ие болғанын растады.

“Жоғарғы Сот «Статидің шағымы Апелляциялық соттың шешімін қате түсіндіруге негізделген және сот Самұрық-Қазынаның жарғылық мақсатын шешуші деп санады және Қордың нақты қызметін елемеді деген болжамнан туындады. Бұл ретте, Жоғарғы сот Апелляциялық сот дұрыс қорытындыға келгенін: Стати Самұрық-Қазына акциясының коммерциялық айналым объектісі ретінде тағайындалуын дәлелдей алмады деп атап өтті”, – деп мәлім етті ведомство.

Естеріңізге сала кетейік, Статилер 2010 жылы Қазақстанның үстінен сотқа шағымданған. Олар Швеция төрелігінен ҚР-дан $4 млрд өндіруді талап етті, бірақ оларға $500 млн берілді, оның ішінде 199 млн доллары – Боранкөл газ өңдеу зауытын салуға бағытталған Стати шығындары.

2021 жылы Стати ісі бойынша бұғатталған $536 млн Қазақстанға қайтарылды.

2023 жылдың ақпан айында Амстердам аудандық соты осы іс бойынша "Самұрық-Қазына" мен Қазақстан пайдасына шешім шығарды.