«Самұрық-Қазына» қорының өкілдері бүгін журналистердің басын қосып, баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында қордың кадр саясаты, әлеуметтік және қайырымдылық жобалары бойынша атқарылған жұмыстарының қорытындысы шығарылды. Тағы бір жаңалық – қор жиілеген наразылықтардың алдын алып, уақтылы реакция білдіру үшін Әлеуметтік тұрақтылықты бақылау орталығы ашып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Көшбасшы әйелдердің пулы құрылды
«Самұрық-Қазына” қорында Корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек мәселелері және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов 8 айдағы жұмыстардың қорытындысын жасады. Оның айтуынша, QSamruk.kz рекрутингтік платформасына қызығушылық арта бастаған.
"Платформаға тіркелген компаниялардың саны 500-ден асып кетті. Олар қордың портфельдік компаниялары мен еншілес тәуелді ұйымдары ғана емес. QSamruk.kz бастапқы жоспар шеңберінен әлдеқашан шықты", - дейді Ауғанов.
Биыл 8 айда онлайн-платформада 13 631 бос жұмыс орны жарияланып, оларға байланысты 127 435 адам өтініш берген. Бұл орайда үміткерлерді полиграфта тексеру тәжірибесі жалғасып жатыр. Кей салалар бойынша жұмыс іздеушілер мұндай тексерістен міндетті түрде өтеді. Бұл қызметті қордың 60 компаниясы мен филиалы қолданады. Осылайша, жыл басынан бері 99 үміткердің 64-і сыбайлас жемқорлыққа бейімділік тұрғысынан тексеруден өтпеген.
Бұдан бөлек, қорда жастар саясаты мен гендерлік теңдікке арналған бағдарламалар іске асырылып жатыр. Директорлар кеңестерінде, портфельдік компаниялардың қадағалаушы кеңестеріндегі әйелдердің санын арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Қор “Самұрық-Қазына” тобына кірмейтін компанияларға тәуелсіз директорлар ретінде тарту үшін көшбасшы әйелдердің пулын құрған. Ғибрат Ауғановтың айтуынша, жас көшбасшыларды дамытуға арналған "Жеті қадам" бағдарламасын 49 маман тәмамдадған. Олар бір жыл бойы Президенттік жастар кадрлық резервінің тәлімгерлерімен топтарға бөлініп жұмыс істеген. Осы топтардың әрқайсысы өткен айда өз жобаларын қорғады.
Бүгінгі таңда "Самұрық-Қазына" компаниялар тобында кадрлық резервтің 36 мүшесі қызмет етеді. Олардың екеуі "Самұрық-Қазына" Қорында басқарушы директор қызметін атқарады. Соның бірі - Ғибрат Ауғанов өзі.
Ерекше қажеттіліктері бар қызметкерлерге қандай жеңілдік бар?
Қордың қайырымдылық және әлеуметтік жобалары және "Қазақстан халқына" қорымен ынтымақтастық туралы да айтылды. Биыл 8 айда Қамқоршылық кеңестің шешімімен 4 млрд 766 млн теңгеге 33 жоба мақұлданған. Осылайша, қайырымдылық жобалары 454 мың қазақстандықты қамтыған. “Samruk-Kazyna Trust” корпоративтік қоры арқылы биыл қайырымдылыққа бөлінген қаражат - 10 млрд теңге. "Қазақстан халқына" қорымен бірге аутизм және басқа да психикалық ауытқулары бар балаларға арналған орталықтар, сондай-ақ ерте араласу орталықтары ашылып жатыр.
Сонымен қатар Қор және оның портфельдік компанияларында мүгедектігі бар қызметкерлердің өмірін жақсарту бойынша шаралар қабылдануда. Бүгінгі таңда компаниялар тобында мұндай 2582 адам жұмыс істейді.
"Ерекше қажеттіліктері бар қызметкерлер үшін қысқартылған жұмыс күні қарастырылған. Оларға арнайы жеңілдіктер беріледі, тіпті жеке автокөлікті сатып алуға мүмкіндік беретін бағдарламалар бар. Жалпы, компаниялар тобында жұмысқа орналасудың және мансаптық өсудің тамаша кейстері бар", - деді Ауғанов.
Әлеуметтік тұрақтылықты бақылау орталығы не үшін құрылды?
Қордың баса назар аударатын ең маңызды факторлардың бірі – наразылықтардың алдын алу, себебін зерттеу. Ғибрат Ауғанов бұл ретте Әлеуметтік тұрақтылықты бақылау орталығының жұмысымен таныстырды. Онда 24/7 режимінде 5 байланыс арнасы арқылы әлеуметтік шиеленіс пен жұмыстағы қақтығыстардың туындау алғышарттары немесе фактілері туралы деректерді жедел жинау және талдау жүргізіледі. 2023 жылдың 8 айында “Нысана” байланыс орталығына 14 мыңнан астам анонимді хабарлама келіп түскен.
“Біздің жүйеміздің басқалардан артықшылығы - дәл осы анонимділігі, байланыс арналарының көптігі, операторлардың 24/7 байланыста болуы және әр өтініштің міндетті түрде қаралуында. Деректерді жинау, талдау және бақылау, тараптармен жұмыс және портфельдік компаниялар мен қордың омбудсмендері мен медиаторларын тартудың арқасында даулы жағдайлардың шиеленісуіне жол берілмеді”, - деді Ауғанов.
Ол кәсіпорындардағы ереуілдер саны биыл 5,5 есе азайғанын ерекше атап өтті. Наразылық пен шағымдардың көбі Маңғыстау облысынан түсетіні рас. Былтыр да, биыл да өңірдің мұнайшылары жұмыс шартын көнбей, наразылық білдіріп Астанаға дейін келгені есте. Осындай ереуілдердің алдын алудың қор қандай механизмдерін қолға алып отыр. Ulysmedia.kz тілшісі Ғибрат Ауғановқа осы сұрақты қойған.
«Портфельдік компаниялар мен еншілес компаниялар қалай жұмыс істеуі керек? Біз құралымыз – Әлеуметтік тұрақтылықты бақылау орталығы. Сол жерге арыз-шағымдар түседі. Біз сол орталыққа түскен шағым негізінде арнайы топ мүшелері, медиаторлар мен омбудсмендеріміз бар – солардың мәселені шешуге араластырамыз. Жыл басында өзіміздің әлеуметтік тұрақтылық бойынша жоспар бекітілген. Сол жоспар бойынша еншілес компанияларымыз жұмыс істеп жатыр», - дейді ол.