«Олар Ресейден алады»: Kegoc басшысы бірде-бір майнинг фермаға энергия берілмегеніне сендіреді

Аян Өрібай

Kegoc компаниясының басшысы Нәби Айтжановтың айтуынша, алдағы уақытта Қазақстандағы майнинг фермаларға Энергетика министрлігі квота енгізуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Ақтөбе облысындағы майнинг фермаға шағым көп. Жергілікті тұрғындар сол компанияның салдарынан «бізге энергия қуаты жетпей қалуы мүмкін» деп қауіптенеді. Біздегі ақпарат бойынша ол ферма Қазақстандағы бай-бақуатты адамдардың біріне тиесілі. Kegoc осы мәселені қалай реттегелі отыр?» - деп сұрады Ulysmedia.kz тілшісі бүгінгі брифинг барысында компания басшысынан.

Бұл сұраққа жауап берген компания басшысы майнинг компанияларының қызметі елде бүгін де шектеулі екенін айтады.

«Олар Қазақстандағы станциялардан электр энергиясын ала алмайды. Бұрыннан істеп жүрген майнинг компаниялар  Ресейден элетр энергиясын сатып алады. Энергетика министрлігінен және бізден оларға шек қойылған. Сондықтан майнинг компаниялары Қазақстандағы энергия жүйелеріне әсерін тигізбейді», - деп сендіргісі келді ол.

«Яғни, бірде-бір компания Қазақстандағы электр энергиясына қосылмаған деп айта аласыз ба?» деген сұраққа «олар бүгінгі таңда тұтынып отырған жоқ» деп жауап берді.

2022 жылдың қаңтарында Кегок майнинг фермалараның бәрін электр желісінен үзген болатын. Кейін тағы бір ақпараттарда осы компания майнинг фермаларға жеке тариф белгілейтіні жөнінде де ақпарат тараған.

«Энергетика министрлігінің шешімімен квота енгізіледі деген ой бар. Бірақ бүгінге ешқандай квота жоқ», - дейді Нәби Айтжанов.