Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев "Оператор РОП" ісіне қатысты сотта айтылған Әлия Назарбаеваға қарсы айғақтардан кейін оны жауапкершілікке тарту жөніндегі сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәжіліс кулуарында БАҚ өкілдері Шындалиевтен сот аясында Әлия Назарбаеваға қарсы арыз-шағымдар түсті ме деп сұрады.
“Арыз-шағымды көрген жоқпын. Егер қандай да бір қылмыс құрамы болса, қандай да бір ақпарат болса, қылмыстық қудалау туралы шешімді тиісті мемлекеттік органдар қабылдауы тиіс. Бізде осындай бірнеше орган – Антикор, экономикалық тергеу қызметі, ІІМ бар”,– деп жауап берді Бас прокурордың орынбасары.
Шындалиев “Оператор РОП” ісі бойынша үкім шығып қойғанын еске салды.
“Қалалық сот шешімді өзгеріссіз қалдырды. Ал сіздер айтып отырған кісі (Әлия Назарбаева – автор) туралы ақпарат жоқ”, – деді Бас прокуратура өкілі.
Еске салайық, шілдеде атышулы "Оператор РОП" ісі бойынша сот үкімі шыққан.
Бұл істі тергеу өткен жылы басталған болатын. Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, "Оператор РОП" ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев, бас директор Светлана Короткенко және қаржы директоры Рустем Темірбек қамауға алынды. Оларға алты қоқыс шығаратын зауыт салу үшін жеке ұйымды заңсыз қаржыландыру арқылы кәдеге жарату алымдары түрінде жиналған 180 млрд теңгені ұрламақ болды деген айып тағылды.
Тергеушілер "Оператор РОП" қызметкерлері артық шығындарды инвестициялық саясат бағдарламасына негізсіз қосқан деп санайды. Оның ішінде, Әлия Назарбаеваның компаниясы осы зауыттарға жұмсауды жоспарлаған 180 млрд теңгенің тағдыры дәл сондай болған. Прокурордың пайымынша, "ӨКМ Операторының" инвестициялық жобаларын "өткізіп жіберген" Пірімқұлов қылмыс жасауға жол ашқан.
Сотталушылар "Оператор РОП" компаниясының нағыз иесін – Әлия Назарбаеваны жазалауды сұраған. Алайда ол сотқа шақырылған жоқ.