Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбектің тергеліп жатқаны рас па

Ғалиасқар Думан

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек тергеуде емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Бір күн бұрын Алматы әкімінің экс-орынбасары Ілияс Өсеровке үкім шықты. Осы іс аясында Бауыржан Байбекке қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны туралы ақпарат тарады.

"Менің білуімше, іс бойынша Байбек жайлы деректер жоқ. Мен естіген жоқпын. Ол қайда екенін білмеймін. Кипр бойынша, біз бүгін шарттарды ратификациялауды қарастырып жатырмыз, біздің деректеріміз бойынша, қазір Кипрде Қазақстан іздеу жариялаған адамдар жоқ", - деді Шындалиев мәжіліс кулуарында.

Журналистердің "Байбекке қарсы қылмыстық іс жүргізіліп жатыр ма” деген сұрағына Бас прокурордың орынбасары мұндай ақпарат жоғын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, 26 қыркүйекте сот Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Ілияс Өсеровке, ҰҚК Алматы бойынша департаментінің бұрынғы орынбасары полковник Талғат Мұхановқа және қалалық қаржы басқармасының бұрынғы басшысы Айнұр Құдайбергеноваға үкім шығарды

Бұдан бұрын қоғам қайраткері Санжар Боқаев кәсіпкер және Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің "автобус" мәмілесінде 11 миллион долларды игергенін, өйткені қала әкімшілігі қоғамдық көлікті жоғары бағамен сатып алғанын мәлімдеген.

Соңғы ақпарат бойынша Бауыржан Байбек Кипрде жүр.

Ақпан айында Алматының экс-әкімі Германиядағы Любек Колизейінде пианист Эвелинда Тренкнердің бюстінің ашылу салтанатында төбе көрсетті.