Елімізде 5 жыл ішінде жалпы ауданы 610 мың гектар орманда 3 мың өрт болып, 30 млрд теңгеге жуық шығын келді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Бас прокуратурада өткен жиында айтылды.
«Қазақстанда бүкіл аумақтың 4,7%-ы ғана орман алқаптарымен қамтылған. Табиғи өсімнің төмендігі аясында өрттер мен бақылаусыз ағаш кесу оның одан әрі қысқаруына әкеледі», – деп атап өтті Бас прокурор.
Отырыс барысында Абай және Қостанай облыстарында болған ірі өрттерді тексеру және тергеу барысында прокурорлар анықтаған бірқатар түйінді проблемалар айтылды.
Олардың қатарында өртті сөндірудің нақты алгоритмдерінің, экология және төтенше жағдайлар министрліктерінің бөлімшелері арасындағы тиісті өзара іс-қимылдың, өртті ерте анықтау жүйелерінің болмауы, техниканың тозығы жеткен жай-күйі, орманшылардың өртті жедел сөндіруге дайындығының болмауы және басқа да проблемалар бар.
Осыған байланысты төтенше жағдайларға әкеп соққан себептер мен жағдайларды жою мақсатында Бас прокуратура Үкіметке ұсыныс енгізді.
«Орманды заңсыз кесуге қарсы күрес, сондай-ақ орман мекемелерінің оны молайту, оның ішінде Астананың «жасыл белдеуін» кеңейту жөніндегі іс-шараларды сапасыз жүргізуі мәселелеріне ерекше назар аударылды», - деді Бас прокурор.
Еске салайық, 8 маусымда “Семей орманы” резерваты аумағында өрт тұтанды. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.
Абай өңіріндегі ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды.
Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты. Қаралы қайғыға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.
Бұдан бұрын қаза тапқан орманшылардың отбасына нақты қандай көмек көрсетілетіні хабарланған.
Сондай-ақ, жуырда "Семей орманы" резерваты филиалдары қызметкерлері жалақыны көтеруді талап етті.