Назарбаев ерекше мәртебесі мен артықшылықтарынан толық айырылды ма?

Ғалиасқар Думан

Қазақстан заңдарын тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше мәртебе мен артықшылық беретін нормалардан "тазарту" процесі жалғасуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде әділет министрі Азамат Есқараев мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

РИА Новости

Оның айтуынша, қазір Назарбаевтың артықшылықтарынан айыру мәселесінен астар іздеудің қажеті жоқ, өйткені негізгі конституциялық заңдар қабылданып қойды. Назарбаев "Елбасы" мәртебесінен, сондай-ақ оның отбасы барлық артықшылықтар мен қорғаудан айырылды.

"Бұл – заң шығару процесі. Бұл қаңтар айында қабылданған заңнан туындағандықтан, кейбір процестерде жұмыс әлі жалғасып жатыр. Артықшылықтарға келетін болсақ, мен нақты жауап бере аламын, бізде Президент туралы Конституциялық заң экс-президентке тиісті кепілдіктер береді. Тұрғын үй, көлік беру бойынша кепілдіктер бар. Сондықтан оған экс-президент ретінде кепілдіктер қарастырылған", - деді Есқараев.

Сонымен қатар, Әділет министрі қазір Қазақстан заңдарының бәрінен Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше мәртебе мен қорғаныс беретін нормалар алынып тасталды деп нақты айта алмайтынын атап өтті.

Айта кетейік, жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевты өз атымен аталатын мектептер, ЖОО және қордың жоғарғы кеңесі басшысы мәртебесінен айыратын заңға қол қойды.

Ал бірнеше күн бұрын Назарбаев соңғы мемлекеттік лауазымынан айырылды.