Қазақстан референдумға дейін АЭС құрылысына байланысты жұмыстарды тоқтатты

Ғалиасқар Думан

Энергетика министрлігі референдум өткізілгенге дейін АЭС құрылысына байланысты барлық жұмыстарды тоқтатты. Бұл туралы ведомство басшысы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

"Референдум түрінде жалпыұлттық диалог жүргізіледі. Референдумның қорытындысы бойынша келесі қадамдар жасалады. Қазіргі уақытта біздің жұмысымыз, оның ішінде технологияның әлеуетті жеткізушілерімен консультациялар тоқтатылды", - деді Сатқалиев журналистерге.

Министр технологияның төрт әлеуетті жеткізушісі – Ресей, Франция, Қытай және Оңтүстік Корея компаниялары қарастырылып жатқанын еске салды. Сонымен қатар, американдық компаниялардың шағын модульдік реакторлар салу туралы ұсыныстары қарастырылады.

Сәтқалиев жалпыұлттық диалогқа дайындық референдум туралы Конституциялық заңға сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.

“Аталған референдумды өткізуге жауапты өкілетті орган бар. Министрлік бұл жұмысты сарапшылық қолдаумен қамтамасыз ететін болады. Жалпы, қажетті барлық сараптама бар. Біз оны құзіретті органға ұсынамыз”, - деді ол.

Еске салайық, халыққа Жолдауында Қазақстан президенті АЭС құрылысына байланысты жалпыұлттық референдум өткізілетінін мәлімдеді.

Ulysmedia.kz тілшісі бұған дейін Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында атом электр станциясын салу жөнінде жария тыңдауға барып қайтқан еді. Үлкен ауылындағы көптен күткен үлкен жиынға жобаға қатысты компания өкілдері, Энергетика министрлігі мен Алматы облысы әкімдігінің қызметкерлері, жан-жақтан белсенділер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келген. Жиналғандар екіге бөлініп, жанжалдасып қала жаздаған болатын.

Көптеген қоғам қайраткері мен энергетиктер Қазақстанда қазір атом электр станциясын салу үлкен қателік екенін бірнеше рет айтқан. Сонымен қатар қоғамда құрылыс жобасы ресейлік "Росатомға" берілуі мүмкін деген алаңдаушылық бар.