Алматының тергеу изоляторынан тағы бір қарақалпақ белсендісі босатылды

Ғалиасқар Думан

5 қазанда қарақалпақ диаспорасының өкілі Ақылбек Мұратбай кеше түнде Алматының тергеу изоляторынан тағы бір белсенді – Зийуар Мирманбетова босатылғанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

скриншот

Зийуар Мирманбетова – қамаудан босатылған төртінші белсенді. Бұған дейін Алматының тергеу изоляторынан Қошқарбай Төремұратов, Жангелді Жақсымбетов және Раиса Құдайбергенова босатылды.

Бүгінгі таңда Ақтөбенің тергеу изоляторында тағы бір белсенді – Тілеубике Юлдашева қамауда отыр.

Еске салайық, 2022 жылдың 13 қыркүйегінде Алматыда Өзбекстан ІІМ қызметкерлері қарақалпақ белсенділерін елдің конституциялық құрылысына қолсұғушылық жасады деген айыппен ұстады.

Кейін Өзбекстан билігінің сұрауы бойынша Қазақстан аумағында тағы бірнеше қарақалпақ белсенділері ұсталды.

Қазақстанның қарақалпақ диаспорасы бұл қамауға алуды Өзбекстан билігі Қарақалпақстан Республикасындағы наразылықтарды аяусыз басқаннан кейін 2022 жылғы шілдеден бастап қолданылатын қарақалпақ азаматтық белсенділеріне қарсы қуғын-сүргіннің жалғасы деп санайды.

2022 жылдың 1 шілдесінде Нүкүс, Мойнақ және басқа қалаларда Қарақалпақстанның егемендігін жоятын конституциялық түзетулерге қарсы наразылықтар басталды. Бірақ билік демонстрацияларды билікті басып алу әрекеті ретінде қарастырды және акцияларға қатысушыларға көзден жас ағызатын газ, резеңке оқтар мен түтін бомбаларын қолданды. Ресми мәліметтерге сәйкес, наразылық білдірушілерді тарату нәтижесінде 21 адам қаза тапты. Барлығы 243 адам жарақат алды.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің Нүкүске сапарынан кейін Өзбекстан Парламенті Қарақалпақстанның егемендігі туралы бапты Конституцияға енгізілген түзетулер жобасынан алып тастады.

2023 жылдың 31 қаңтарында Бұхара облысының соты тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін айыпталған 22 қарақалпақстандыққа үкім шығарды. Белсенді Дәулетмұрат Тәжімұратов 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Істің басқа қатысушыларының көпшілігі үш жылдан сегіз жылға дейін сотталды. Тағы үш адамның бас бостандығы шектелді, сотталушылар тізіміндегі жалғыз әйел — журналист Лолагүл Қаллыханова шартты мерзімге сотталды.

Бірнеше күннен кейін жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғаны үшін алты жылға сотталған Полат Шамшетовтың Бұхара тергеу изоляторында қайтыс болғаны белгілі болды. Билік өлім инфаркт салдарынан болды деп мәлімдеді.