Көкшетауда бөбекжай есепшісі қазынаның 7 млн теңгесін жымқырған

Ғалиасқар Думан

Ақмола облысында бөбекжай есепшісі бюджеттің 7 миллион теңгеден астам қаржысын қалтаға басқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Сотта белгілі болғандай, есепші меңгерушінің ЭЦҚ кілтін пайдаланып, өзіне жоғары еңбекақы аударып отырған. Осылайша ол 2021- 2022 жылдар аралығында 7 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған.

Айыпталушы кінәсін мойындады, өкініп, залалды ішінара өтеді.

«Оның кінәсі аудиторлық компанияның қорытындысымен, куәгерлердің айғақтарымен, жүргізілген арнайы жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижелерімен, төлем тапсырмаларымен расталды», - делінген сот хабарламасында.

Сот үкімі бойынша есепші материалдық жауапкершілікке байланысты қызметпен айналысу құқығынан және 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Сотталушының асырауындағы үш жастағы баласы бар екенін ескере отырып, сот бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындауды 5 жылға кейінге қалдырды.

Бұдан бөлек, сот лауазымды тұлғалардың функционалдық міндеттеріне немқұрайлы қарағаны және тиісті бақылаудың жоқтығы үшін білім басқармасына жеке қаулы шығарды.

Айта кетейік, бұдан бұрын Ақмолада 36 млн теңге жымқырған мектеп есепшісіне үкім шыққан.