«Олардың мемлекеттік тілді білмейтіні ызамызды келтірді»: блогер Құзайыров видеоүндеу жариялады

Ғалиасқар Думан

Блогер Диас Құзайыров Youtube-арнасында Риддер қаласындағы жағдай бойынша видеоүндеу жариялады. Онда ол шулы оқиғаның неден басталғанын түсіндіріп, халықтан уайымдамауды өтініп, әкімдік қызметкерлерінен кешірім сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

әлеуметтік желіден

Менің, Әділ және Әділжанның үстінен қозғалған қылмыстың істен кейін мен қоғам тарапынан, әлеуметтік желіден өзіме зор қолдауды сезіндім. Себебі бұл жерде мемлекеттік құрылымдарда мемлекеттік тілді қолдану мәселесі туындады. Қолдағандарыңыз үшін рахмет! Алайда маған телеграмның жасырын нөмірі арқылы неше түрлі адамдар жазып, арамызда, Қазақстан азаматтары арасында алауыздық туғызуды көздеді. Мен оған түбегейлі қарсымын. Маған ең бастысы, ел тыныштығы керек. Патриот ретінде елдің заңын ең жоғарыға қоямын. Мен мемлекеттік тіл қашан да дамуы керек деп есептеймін. Оны мемлекеттік қызметкерлер білуі керек, – дейді ол.

Құзайыров Риддерге “Шаңырақ” мектебінің мәселесі бойынша барғанын айтады. Мемлекеттік органға осы сұрақты қою үшін олар мемлекеттік тілде сөйлеген. Сол кезде мемлекеттік қызметкерлердің көбі қазақ тілін білмейтіні белгілі болған.

Сол жағдай біздің ызамызды келтірді. Себебі біз мұндайды басқа еш жерден көрмеппіз. Алдын ала жазылуымыз керектігін түсінем. Біз өкінішке қарай олай істемедік. Ал күзет қызметкері бізге ескертпей, ғимаратқа емін-еркін кіргізді. Біз ғимаратқа ескертусіз кіріп, солайша ойсыз мемлекеттік органдардың жұмыс регламентін бұздық. Оларды ыңғайсыз жағдайда қалдырдық. Бәлкім, сондағы әйел камера ұстаған үш еркекті көріп, эмоциямен құқық қорғау органдарына жүгінген болуы керек. Қылмыстық іс солайша қозғалған, – дейді ол.

Диас Құзайыров осы жағдайды “реттегісі келетінін” айтты.

Мемлекеттік органдар қызметкерлеріне ыңғайсыздық туғызып, оларды жұмыстан алаңдатқаным үшін кешірім сұраймын. Олар (әкімдік қызметкерлері) тарапынан дәл сондай адекватты және осыған ұқсас реакция болар деген үміттемін. Бәрі Алланың қолында. Ал жазылушылардан алаңдамауды және адамдардың ұлтына назар аудармауды сұраймын, өйткені біз ұлтымызға қаарамастан бәріміз қазақстандықпыз, - деді Құзайыров.

Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық белсенділер Диас Құзайыров, Әділжан Абдіғалиев пен Әділ Юсуповтың үстінен Риддер шенеуніктерінен мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткені үшін қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған еді. Әлеуметтік желіде қазақ тілі мәселесін талап етіп, мәселе көтеріп жүрген павлодарлық блогер Диас Құзайыровтың үйін полиция тінтіп, заттарын тәркілеген. Оның және екі әріптесінің үстінен Риддер әкімдігінің төрт қызметкері арыз жазған.

Белсенділер Риддер қаласындағы жалғыз қазақ мектебі "Шаңырақтың" жағдайын біліп, мәселесін көтеру үшін Риддерге барған. Олар әкімдік, мәслихат және Amanat партиясы филиалының қызметкерлерінен қазақ тілінде сөйлесуді талап еткен, алайда олар барлық жерде орыс тілінде жауап берген. Белсенділердің қазақ тілінде неге олармен сөйлеспейтіні туралы сұрақтарына шенеуніктер "мемлекеттік тілді енді ғана үйрене бастадық" деп ақталмақ болған.

Үкіметтің баспасөз орталығында белсенділердің үстінен не үшін іс қозғалғанын Ulysmedia.kz тілшісі Ішкі істер министрі Марат Қожаевтан сұраған. Ол іс бойынша филологиялық сараптама тағайындалғанын хабарлаған еді.