Азия ойындары: Қазақстандық спортшы ескек есуден күміс медаль алды

Ulysmedia

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында слаломда ескек есуден Қазақстанның намысын қорғаған Анастасия Ананьева бар өнерін көрсетіп, күміс жүлдегер атанды. Оның нәтижесі - 119,29 секунд, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бірінші орын 107,71 секунд нәтиже көрсеткен қытайлық Цзянь Хуанға бұйырды. Қола жүлдені жапониялық Харука Оказаки жеңіп алды.

Азия ойындарының соңғы күнінде Қазақстан құрамасы оныншы алтыннан үмітті, өйткені каратэден Қазақстан құрамасының спортшысы Данияр Юлдашев жарыстың финалына өтті.

2023 жылғы Азия ойындары 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Ханчжоу мен Қытайдың тағы бес қаласында өтеді.

Бастапқыда Азиада 2022 жылы өтеді деп жоспарланған болатын, бірақ коронавирустық пандемияға және алдыңғы жылдардағы ірі турнирлердің кейінге шегерілуіне байланысты жарыс күндері 2023 жылға ауыстырылды.

Азия ойындарына 45 елден 12 500-ге жуық спортшы қатысуда. Айтпақшы, Парижде өтетін Олимпиада ойындарына қатысушылар саны 10 500-ді құрайды. Қытайда спортшылар 61 спорт түрінің 40-ынан сынға түсіп жатыр.

Азия ойындарының бағдарламасына олимпиадалық спорт түрлері де, аквабайк, бридж, джиу-джитсу, күрес – белбеу күресі, жекпе-жек өнері, каббади, малай волейболының сепатакравы және қайықпен есу кіреді.