ҚТЖ қайтыс болғандар мен басшылардың туыстарына 10 млн теңге сыйақы төлеген

Ғалиасқар Думан

Көлік прокурорлары «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-нің филиалдарында қаржыландыруға жатпайтын 742 адамға 10 млн теңгеден астам сомаға сыйақылар мен төлемдерді заңсыз есептеу фактілерін анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Бас прокуратураның ресми өкілі Дархан Дүйсембайдың айтуынша, кәсіпорынның Ақмола филиалы өмірден жеті жыл бұрын өткен зейнеткер атына ақшалай қаражат аударып отырған.

Бұдан бөлек, Қарағандыда кадр бөлімінің басшысы ата-анасын теміржолшы зейнеткері ретінде заңсыз тізімге қосып, оларға бес жыл бойы 1 млн теңгеден астам сомаға жеңілдіктер, өтемақы төлемдері мен сыйлықақыларды беріп отырған.

“Қазіргі кезде заңсыз төлемдерді қайтару бойынша шаралар қабылдануда. Сонымен қатар, аудиторлық тексерулер тағайындалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды”, – деп мәлім етті ресми өкіл.

Айта кетейік, бұдан бұрын Сәтқалиевтің командасы "Самұрықта" 400 млн теңгеден астам сыйақы алғаны хабарланған.