Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені төмендетуді және банктерді кредиттер сомасының кемінде 30 пайызын шағын және орта бизнеске бағыттауға міндеттеуді талап еткен "Ақ жол" партиясының депутаттық сауалына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сүлейменовтің айтуынша, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені реттеу арқылы инфляциямен күресіп жатыр.
"Базалық мөлшерлемені реттеу арқылы біз инфляциямен күресеміз, бұл алғашқы нәтижесін бере бастады. Алайда, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ақшаның бағасы инфляциядан төмен болуы мүмкін емес, яғни бірде-бір банк оның пайыздық кірістерін инфляция "жейтінін" біле отырып несие бермейді. Тиісті алғышарттарсыз, яғни инфляцияның төмендеуі мен шоғырлануынсыз несие мөлшерлемесін төмендету мүмкін емес. Қазір жылдық инфляция біртіндеп төмендегеніне қарамастан, әлі де жоғары деңгейде. Айлық инфляция орташа тарихи деңгейден екі есе жоғары (қыркүйекте 0,6%)", – деді ол.
Сүлейменов несие бойынша нарықтық мөлшерлемелердің қалыптасуына көптеген факторлар әсер ететінін айтты.
Ішкі факторлар арасында несие тәуекелі бар, оны банктер бағалайды және қарыз алушылардың төлем қабілеттілігіне, несиелеу көлемі мен мерзіміне байланысты болады.
"Сыртқы факторлардың қатарына: ақша-кредит саясатының реттілігі, макроэкономикалық саясатқа деген сенім, сондай-ақ нарық қатысушыларының күтулері жатады. Несиелендірудің тұрақты, табиғи өсуі және қарызға қол жетімділіктің жақсаруы жалпы іскерлік ортаны жақсартатын және бизнесті кеңейтуге мүмкіндік беретін басқа шаралармен қатар жүруі керек. Экономиканың басым салаларында кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатында Үкіметке іске асырылып жатқан мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыра отырып, субсидиялау бағдарламаларын кеңейтуді ұсынамыз", - деді ол.
Бұған дейін Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені тағы да төмендеткені хабарланған болатын. Сүлейменов бұл шешімге түсініктеме берді.