Қарағандыда балалардың жаппай улануы: ауруханадан шыққандар әлеуметтік мекемеге қайта оралды

Айнель Аянова

Қарағанды облысының балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жаппай улану салдарынан зардап шеккен тағы екі науқас ауруханадан шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда орталықтың 12 тәрбиеленушісі жалпы жағдайы жақсарып, әлеуметтік мекемеге оралды.

"Барлық балалар орталық дәрігерлерінің бақылауында", - деп хабарлады ведомство.

Еске салайық, 30 шілдеде Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалар жаппай уланғаны хабарланған. Уланған балалардың бірі бірден қайтыс болды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, балалардың улануына тамақтың қатысы жоқ.

Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл осы оқиғадан кейін елдегі 84 әлеуметтік мекеменің барлығы жіті тексерілетінін мәлім етті.

28 тамызда уланған балалардың тағы бірі көз жұмды

Бір қызығы, оқиғадан бері екі айдан астам уақыт өтсе де министрлік Қарағандыда балалардың жаппай улану себебін әлі атай алмай отыр.