Белгілі тележүргізуші Динара Сәтжан ұлы Даниялды әскерге шығарып салуға арналған отбасылық басқосудан кадрлар жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Журналист бұдан бұрын берген сұхбаттарының бірінде әскердегі әлімжеттікке қатысты үрейлі оқиғаларға қарамастан, ұлының Отан алдындағы борышын өтегенін ана ретінде қалайтынын айтқан еді. Оның сөзінше, нағыз ер азамат болып қалыптасу үшін әскердегі қатаң тәрбиені, темірдей тәртіпті көруі керек.
«Балам, біз сенімен мақтанамыз және сенің әскерге бару туралы шешіміңді қолдаймыз. Мұның оңай болмайтынын түсінеміз, қиынға соғары сөзсіз. Бірақ, бұл – сенің Отан алдындағы борышың. Әскерден кейін сені қазіргіден де мықты әрі батылырақ боласың», – деп жазды Динара Сәтжан желідегі парақшасында.
Тележүргізуші жариялаған видеода ұлының әскерге кетер алдында әжесіне орамал жауып, анасы екеуіне қымбат телефон сыйлаған сәті таспаланған.
Айта кетейік, Қазақстан армиясында 4 жыл ішінде 90-ға жуық суицид жасалған.
Сенат депутаты Геннадий Шиповскихтің пікірінше, сарбаз өлімі үшін әскери бөлім басшыларын трибуналға жіберу керек.
Мамырда Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының жатақханасында 3-курста оқитын курсант өз-өзіне қол салған болатын.
Ал 2022 жылғы 19 тамызда қатардағы жауынгер Бекбол Мираштың Шөлдала шекара заставасында асылған күйі табылды. Оның туыстарына командирлері "жүретін қызымен ұрсысып қалған соң, өз-өзіне қол салған" деп хабарлаған. Бекбол Мираштың туыстары оны әскердегі әлімжеттіктен өлді деп есептейді.
Жыл басында күдікті сержант Айбек Нұртаевтың адвокаты Сержан Пірәлиев "өлген шекарашы сексуал зорлық пен бопсаға ұшыраған" деп мәлімдеген еді. Сараптама нәтижесін алға тартқан адвокат сарбаздың аузы мен ішкиімінен бірнеше ер адамның биоматериалы табылғанын хабарлаған. Осыдан кейін ішкі істер министрлігі "адвокат этиканы бұзды", "шындыққа сай келмейтін тұжырым ойлап тапты" деп айыптаған.
Алайда Астана қаласының адвокаттар алқасы Сержан Пірәлиев ешқандай этикалық нормаларды бұзбағанын анықтады.
Дей тұрғанмен, Бас әскери прокуратура жыныстық зорлық дерегін жоққа шығарды.