Интернет-алаяқтық: Қазақстанда заңға қайшы контенті бар 16 мың сайт анықталды

Ғалиасқар Думан

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Ержан Сәденов: еліміз бойынша кісі өлтіру, бұзақылық, ұрлық, қарақшылық, тонау және мал ұрлығына қатысты қылмыстар санының айтарлықтай төмендеуіне ықпал еткен алдын алу шаралары туралы мәлімет берді. Құқық бұзушылықтарға «мүлде төзбеушілік» және жазаның бұлтартпастығы, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөнінде баяндады.

Сондай-ақ, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде айтты. Атап айтқанда, жыл басынан бері ауыспалы нөмірлерден шалынған 37 миллион қоңырау бұғатталып, заңға қайшы контенті бар 16 мың сайт анықталған.

“Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың іске асырылуы туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, 31 тоннадан астам есірткі және 79 тонна прекурсор тәркіленіп, 39 есірткі зертханасы жойылған”, – делінген хабарламада.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Айта кетейік, бұдан бұрын ҚР Әділет министрлігі соңғы кездері жиілеп кеткен алаяқтық әрекеттерден сақтануға шақырған. Министрлік мәліметінше, алаяқтар азаматтарға хабарласып өздерін Әділет министрігінің басшылары немесе қызметкерлері ретінде таныстырып, жеке деректерін сұрауда.