Оралда кәсіпкерлікпен айналыспағандар бизнес-жобаларына миллиондаған грант алған

Айнель Аянова

Орал қалалық жұмыспен қамту орталығын тексеру барысында «Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезінде бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасының мәліметінше, гранттың 14 қатысушысы ақшаны мақсатты пайдалануды растау үшін бұрын союға жіберілген, туыстарына тіркелген үй жануарларын сатып алу, ұсақ малды сатып алу туралы жалған құжаттарды, тауарлық чектерді ұсынған.

Сондай-ақ, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмаған тұлғалар бизнес-жобаны іске асыру үшін гранттар алғаны анықталды.

“Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижелері бойынша сот тәртібімен 8 қатысушыдан 5,1 млн. теңге мөлшерінде соманы өндіріп алу туралы талаптар қанағаттандырылды, 2 тұлғамен 2,4 млн.теңгені қайтару туралы бітімгершілік келісімдер жасалды, 4 тұлғамен мемлекеттік бюджетке берілген гранттардың сомасы ерікті түрде өтелуде. Бүгінгі таңда 6 тұлға мемлекеттік бюджетке 4 млн. теңгеден астам сомаға іске асырылмаған гранттарды қайтарды”, – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұдан бұрын Алматыда «Еңбек» бағдарламасына бөлінген 370 млн теңге ұрланған. Жұмыспен қамту орталығының мамандары азаматтарды жалған жұмысқа орналастыру, жалақыны жинау және жұмысқа орналастыруға жатпайтын адамдардың есеп шоттарына ақша аудару арқылы жұмыс орындарын субсидиялауға бөлінген қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді.