Қазақстанның тағы бір қаласында жылыту маусымы басталды

Ғалиасқар Думан

«Алматы жылу желілері» мекемесі оңтүстік астанадағы әлеуметтік нысандарға бүгіннен бастап жылу беріле бастағанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Кәсіпорын мәліметінше, медицина, білім мекемелері мен өзге де әлеуметтік нысандарға 10 қазаннан бастап кезең-кезеңімен жылу беріледі.

«Бірінші кезекте әлеуметтік нысандарды жылу жүйесіне қосу жоспарланған. Мұндай шешім осы ұйымдардың жұмыс ерекшелігін ескере отырып қабылданды. Жаңа жылыту маусымының басталуы метеорологиялық болжам мен Алматыдағы ауа райының күнделікті мониторингі негізінде айқындалады», – делінген хабарламада.


Тұтынушыларға жылу беру мынадай кезекпен жүргізіледі:

— балалар, емдеу, мектеп мекемесі, кәсіптік мектептер, медициналық-әлеуметтік мекемелер:

— тұрғын үйлер, жатақханалар, қонақ үйлер;

— әкімшілік ғимараттар, оқу орындары, театрлар;

— басқа да ғимараттар.

Айта кетейік, бұдан бұрын Энергетика министрлігі ел қалаларына жылу беру кестесін жариялаған. 2 қазанда Астана қаласында, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жылыту маусымы басталды.

Сондай-ақ, министрлік Қазақстанның 4 қаласында тұрғындарға жылу уақтылы берілмеуі мүмкін екенін ескертті.