АЭС-ті шетелдік мамандарсыз салу мүмкін емес – вице-министр

Ғалиасқар Думан

Қазақстанның энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы басталатын болса, шетелдік жұмыс күшін тартуға тура келетінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Энергетика министрлігінде өткен брифинг барысында БАҚ өкілдері вице-министрден ведомство атом энергетикасы саласындағы кадрлар тапшылығы мәселесін қалай шешіп жатқанын сұрады. Бұған дейін Қазақстанда станция салынса, оның жұмысына мыңдаған адам тартылатыны хабарланған.

Нұрмағанбетов елімізде АЭС салынатынына немесе салынбайтынына қарамастан кадрлар даярланып жатқанын айтты.

"Қазақстан – уран державасы, яғни біз уран өндіреміз, бізде атом реакторлары, ядролық медицина бар. Бізде Алматыда, Курчатовта жұмыс істейтін институттар бар, онда атом саласында жұмыс істейтін, яғни байыту мәселелерімен айналысатын адамдар көп. Сондықтан атом электр станциясы салынса да, салынбаса да, бізге мамандар қажет, кадрларды даярлау жүріп жатыр", - деді вице-министр.

Ол сондай-ақ Қазақстанда бірнеше елдермен – Ресей, Корея және Венгриямен тиісті келісімдерге қол қойылғанын атап өтті.

"Атом электр станциясын салу кезінде шетелдіктерді тарту мәселесіне келсек, әрине онсыз болмайды. Өйткені реакторларды жүргізу тәжірибесі санаулы елдерде бар, сондықтан бірінші кезеңде құрылыс салушы жергілікті кадрларды оқытуды және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етеді", - деді ол.

Жандос Нұрмағанбетов отандық қызметкерлер дайындықтан өтіп, бәрін өз бетімен игере алатын жағдайға жеткенде АЭС қызметкерлерінің басым бөлігі қазақстандықтардан тұратынын атап өтті.

Еске салайық, халыққа Жолдауында Қазақстан президенті АЭС құрылысына байланысты жалпыұлттық референдум өткізілетінін мәлімдеді.

Ulysmedia.kz тілшісі бұған дейін Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында атом электр станциясын салу жөнінде жария тыңдауға барып қайтқан еді. Үлкен ауылындағы көптен күткен үлкен жиынға жобаға қатысты компания өкілдері, Энергетика министрлігі мен Алматы облысы әкімдігінің қызметкерлері, жан-жақтан белсенділер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келген. Жиналғандар екіге бөлініп, жанжалдасып қала жаздаған болатын.

Көптеген қоғам қайраткері мен энергетиктер Қазақстанда қазір атом электр станциясын салу үлкен қателік екенін бірнеше рет айтқан. Сонымен қатар қоғамда құрылыс жобасы ресейлік "Росатомға" берілуі мүмкін деген алаңдаушылық бар.

Бұдан бұрын Энергетика министрлігі референдум өткізілгенге дейін АЭС құрылысына байланысты барлық жұмыстар тоқтатылғанын мәлімдеді.