Коммуналдық қызметтердің қымбаттауы: мемлекет кімдердің шығынын жауып береді

Ғалиасқар Думан

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова елімізде коммуналдық қызметтер тарифінің өсуі жағдайында айлығы шайлығына жетпейтін отбасылар тығырықтан қалай шығатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы қабылданып, іске асырылуда. Бұл жобаның аясында инженерлік желілерді жөндеу және осы саладағы қызметкерлердің жалақысын арттыру, кадрларды тарту және олардың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 250 млрд теңге шамасында қаржы тарту жоспарланып отыр.

Мұндағы тағы бір өзекті мәселе – ол тарифтің өсуіне қатысты. Бұл жағдайда Үкімет азаматтарды әлеуметтік қолдау механизмін қолданады. Яғни, егер отбасының төлейтін коммуналдық шығындарының көлемі жергілікті атқарушы органдар белгілеген пайыздық көлемінен асып кетсе, онда мұндай отбасыларға бюджеттен тұрғын үй көмегі төленеді», – деді вице-премьер Мәжілістің жалпы отырысында.

Еске салайық, елімізде шілде айынан бастап коммуналдық қызметтер қымбаттады.

Бұдан бұрын Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов Қазақстан жылудың сапасыздығы үшін төмен тарифтер тәжірибесінен бас тартып, нарықтық бағаларға көшетінін мәлімдеді. Оның сөзінше, төмен тариф бойынша төлеп, жылусыз отырғаннан гөрі әділ тариф бойынша лайықты жылуға қол жеткізген әлдеқайда жақсы.

Жуырда Алматыда коммуналдық қызметтерге тарифтердің көтерілуіне байланысты әлеуметтік көмек көрсету қағидалары бекітілді және халықтың әлеуметтік осал топтары үшін өтемақы мөлшері белгіленді.