Украинадағы соғыс басталғалы бері Ресей Федерациясы бұрын-соңды болмаған санкциялар қысымына ұшырады. Алайда мемлекет оларды айналып өтудің жолдарын тапты. Тек 2023 жылдың қаңтары мен маусымы аралығында Ресей көрші елдерден импортты кем дегенде 5,2 млрд долларға немесе 37%-ға арттырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
UN Comtrade мәліметтері бойынша импорттың өсуі Ресеймен көршілес елдерге еуропалық экспорттың өсуімен қатар жүрді. 2023 жылдың алты айында 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, ол 16,8 миллиард долларға немесе 22%-ға өсті.
Санкцияларға байланысты Ресей Федерациясына еуропалық экспорт 18 жыл ішінде ең төменгі деңгейге дейін төмендеді – 2022 жылдың қорытындысы бойынша ол 59 млрд долларды құрады. Дей тұрғанмен, ЕО елдері Түркияға және Ресеймен көршілес басқа елдерге тауарлар жеткізуді арттырды. Мәселен, 2022 жылы барлық тауарлардың экспорты өткен жылмен салыстырғанда 24%-ға өсті – 99,1 млрд-тан 130 млрд долларға дейін, ал 2023 жылдың алты айында ол 75,8 млрд долларды құрады, бұл 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22%-ға көп.
Бұл ретте, Қазақстан, Грузия, Армения, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркиядан Ресей Федерациясына экспорт 2021 жылы 17,4 млрд долларды құрады, ал бір жылдан кейін ол 33%-ға – 25,8 млрд долларға дейін өсті.
Айта кету керек, 2022 жылдың тамызынан бастап Қазақстаннан Ресей Федерациясына ай сайынғы тауар экспорты 1 млрд доллардан төмен түспеді, тек 2023 жылдың қаңтарында бұл көрсеткіш 900 млн-ға дейін төмендеді.Осы көрсеткіштер бойынша Қазақстан Ресей Федерациясымен көршілес елдерге еуропалық импорт көлемі бойынша екінші орында тұр. Бірінші орында – Түркия, ай сайынғы тауар айналымы 8-ден 12 миллиард АҚШ долларына дейін жетті.
Еске салайық, қыркүйекте Германияда сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ресейге қарсы санкцияларды айналып өту ниеті жоқ екенін мәлімдеген.
"Қазақстан санкциялық режимді ұстанатынын нақты айтты. Біз санкциялық режимді сақтау бойынша тиісті ұйымдармен байланыстамыз және неміс тарапының санкциялық режимді айналып өтуге бағытталған ықтимал әрекеттерге қатысты қандай да бір күдігі болмауы тиіс", – деді президент.
Бұдан бұрын Еурокомиссия Қазақстан және Түркия тасымалдаушыларының 22 тамызда 2021 жылы енгізілген демпингке қарсы баждарды және 2022 жылы белгіленген ресейлік компанияларға қатысты санкцияларды айналып өту ықтималдығына қатысты тергеу бастағанын мәлімдеген.
Сондай-ақ, жуырда Швеция Ресеймен көршілес елдер санкцияларды айналып өтуге көмектеседі деп күдіктенетіні хабарланған.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Индустриялық даму комитетінің басшысы Азамат Паңбаевтың айтуынша, қазақстандық банктер ресейлік компаниялармен жұмыс істегендіктен батыстық санкцияларға ұшыраудан қорқады.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров біздің еліміздің де санкцияға іліну мүмкіндігі жайлы сұраққа жауап берген.