Қазнетке минутына мыңдаған DDoS-шабуыл жасалады – Мусин

Ғалиасқар Думан

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстанның киберқауіпсіздігі жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Ол Интернеттің қазақстандық сегментіне күн сайын мыңдаған шабуыл жасалатынын атап өтті.

"Бізде ақпараттық қауіпсіздік орталығы бар. Оны ҰҚК басқаратын мемлекеттік техникалық қызмет басқарады. Интернеттің қазақстандық сегментіне күн сайын мыңдаған шабуылдар жасалып жатыр. Бұл қалыпты жағдай, шабуылдар кері қайтарылады. Бірақ кейде штаттан тыс жағдайларды тудыратын шабуылдар болады. Бірақ біздің орталық мыңдаған және миллиондаған шабуылдарды тойтаруға қабілетті. Біз БҰҰ киберқауіпсіздік рейтингінде 31 орынға дейін өстік. Бұдан әрі ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін өз жабдықтарымызды жетілдіреміз", –  деді Мусин.

Айта кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда меморгандардың ресурстарына 163 миллионнан аса кибершабуыл жасалғаны хабарланған.

Сондай-ақ, жуырда Freedom House халықаралық ұйымы Қазақстанда интернет бостандығы әлі де елеулі шектеулерге тап болып отырғаны жөнінде баяндама жариялады. Зерттеу авторлары Қазақстан Үкіметі интернетті шектейтінін, сайттарды бұғаттайтынын және контентті жоюды талап ететінін, ал журналистерге физикалық шабуыл жасалатынын атап өткен.