Ел аймақтарын 2 жылда 5G интернетпен қамту: Мусин президент тапсырмасын орындай ала ма

Ғалиасқар Думан

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыс орталықтарын 5G технологиясымен қамтуды мерзімінен бұрын аяқтау туралы тапсырмасы қалай орындалатынын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Мусиннің айтуынша, 2025 жылдың соңына дейін әрбір облыс орталығы аумағының 60 пайыздан астамын 5G технологиясымен қамтуға болады.

«Жоспарымызға сәйкес биыл 700 базалық станса орнатуымыз қажет еді. Операторлар қазірдің өзінде бұл көрсеткіштен асып түсіп, жылдың соңына дейін 1 мыңнан астам базалық станса орнатады. Олар инвестиция салуға және байланыс инфрақұрылымын барынша қарқынды дамытуға дайын. Біздің мобильді операторлар жүктелген тапсырманы орындайтынына сенімдімін.  Астана, Алматы, Шымкент қалаларының кемінде 75 пайыз және облыс орталықтарының 60 пайыздан астамы 2025 жылдың соңына дейін 5G желісімен қамтылады, - деп сендірді министр.

Бағдат Мусин 4G инфрақұрылымын нығайту, ұлғайту бағытында да базалық стансаларды жаңғырту үшін ауқымды жұмыс жүріп жатқанын атап өтті.

Еске салайық, бұдан бұрын Digital Bridge 2023 форумында президент Тоқаев Қазақстан өңірлерінде 5G желісін енгізуді бұған дейін жоспарланғандай 2027 жылы емес, 2025 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.

“Әрине, мерзімнің өзгеруі көрсетілетін қызметтердің сапасына әсер етпеуге тиіс. Бұдан бөлек, бұл мақсатқа жету үшін төменгі орбитадағы спутниктік жүйелердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, шалғай аудан тұрғындарын интернетпен қамтамасыз ету маңызды. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы керек. Қажет болған жағдайда заңнамаға өзгерістер енгізуге болады”, – деді президент.