Қазақстан тағы бір елмен тікелей әуе қатынасын ашады

Ulysmedia

Қазақстан мен Молдова арасында тікелей әуе қатынасын ашу жоспарлануда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөз

Қазақстандық дипломат Алмат Айдарбеков Молдова Азаматтық авиация басқармасының директоры Василе Сараметпен кездесті. Кездесуге қатысушылар екі елдің іскерлік қарым-қатынасын атап өтіп, Қазақстан мен Молдова арасында тікелей әуе рейсін ашу мүмкіндігін талқылады.

2024 жылы Астанада өтетін екіжақты Үкіметаралық комиссияның отырысына қатысты тиісті ұсыныстарды әзірлеуді қолдауға өзара әзірлік білдірді. Сондай-ақ ресми мәлімдемеде көрсетілгендей, Молдованың Еуразиялық азаматтық авиация конференциясын (EACAC) құру жөніндегі қазақстандық бастамаға қосылу мүмкіндігі сөз болды.

Кездесу соңында Алмат Айдарбеков Қазақстан авиация әкімшілігінің басшылығын ағымдағы жылдың 28-29 қарашасында Алматыда өтетін «Жаһандық форматтағы әуе кемелері» тақырыбына арналған аймақтық семинарға қатысуға шақырды.