Семей түрмесінде күш құрылымдарының экс-қызметкерін өлтірді: оқиғаның мән-жайы айтылды

Аян Өрібай

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Абай облысындағы күш құрылымында істеген экс-қызметкерді колонияда сотталған адам қалай өлтіргенін айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Лепеха қақтығыс кезінде кісі өлгенін растады.

– Оның қолдан жасаған пышағы болған. Өкінішке қарай, бұл біздің қызметкерлердің бақылауынан шығып кеткен жайт. Біз бейнебақылауды қарадық, сол кезде олардың екеуі оңашада қалғаны көрінеді. Сырттан ешкім болмаған. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Біздің қызметкерлер жауапкершілікке тартылды. Олар бірге жазасын өтеп жатқан, бірақ бір камерада болмаған, - деді министрдің орынбасары Үкіметтің баспасөз орталығында.

Ол колонияда тексеру жалғасып жатқанын айтты.

Бұған дейін Абай облысында колонияда сотталған адамды қасындағы біреу өлтіргені хабарланған болатын.

Қылмыс 5 қазанда Абай облысындағы №19 аралас қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде болған. ҚАЖД бұл колонияда прокуратураның, ҰҚК, Ұлттық Ұланның және құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері жазасын өтеп жатқанын атап өтеді.

Ведомство екі сотталушының арасында жанжал болғанын, соның салдарынан олардың біреуі оқиға орнында алған жарақаттарынан қайтыс болғанын хабарлайды. Қазір ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігі "кісі өлтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.