Қызылорда жылу электр орталығына 5 млн теңге айыппұл салынды

Ғалиасқар Думан

Қызылорда облысында тұтынушылардың құқықтарын шектеп, артық талаптар жүктеген жылу орталығының заңсыз әрекеттері анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Облыстық прокуратура мәліметінше, «Қызылорда жылу электр орталығы» ШЖҚ МКК-ның қызметін тексеру нәтижесінде жылу орталығы жылумен жабдықтау желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарға артық талаптарды енгізіп, тұтынушылардың құқықтарының шектелгені анықталды.

Атап айтқанда, жылу орталығы тұтынушыларға техникалық шартты беру барысында жылумен жабдықтау саласындағы желілерге қосуға арналған техникалық шарттардың үлгілік нысанында (Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 05.01.2021ж. №2 бұйрығымен бекітілген) қарастырылмаған қосымша құрылғылар орнатуды міндеттеген.

“Аталған талаптар тұтынушылар үшін 10 мыңнан 60 мың теңгеге дейін қосымша шығындар әкелуі мүмкін. Бұндай артық талаппен жылу орталығы 2022-2023 жылдары 100-ден аса техникалық шарт берген. Осыған орай облыс прокуратурасы 18.08.2023ж. облыс әкімдігіне заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыну енгізіп, оның қаралуымен техникалық шарттағы артық талаптар алынып тасталды және жылу орталығының басшылығы тәртіптік жауаптылыққа тартылды”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар жылу орталығы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 164-бабының 4-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 5 млн теңге айыппұл салынды.

Айта кетейік, бұдан бұрын Арқалық ЖЭО-ның қағаз жүзінде ғана пайдалануға берілу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған.