“Бейбітшілік кеңесінің құрылымы директорлар кеңесіне ұқсайды” деп жатқандар көп. Шынында көпшілік неге олай ойлады екен? Әлде біз салтанатты жиындарда жасалатын баяндамалар мен сансыз меморандумдарсыз келісім болмайды деп, басқа форматты қабылдай алмай отырған жоқпыз ба? Менің ойымша, БҰҰ өз позициясын жоғалтуда. Оны реформалау туралы бірнеше жылдан бері айтылып жүр. Тіпті «келісімге келгендей» көрінген аймақтардың өзінде қайтадан қарулы қақтығыс оты тұтанып жатады. Мұндай беймаза шақта тығырықтан шығуға бағытталған кез келген әрекет назар аударуға тұрады. Ал егер Дональд Трамп ұсынған Бейбітшілік кеңесі шынымен де жаһандық бейбітшілікке қол жеткізе алса ше?
Трамп нені көздеді?
Идеяның да, оны іске асырудың да күтпеген жерден пайда болғаны рас. Алайда оның авторы – рәсімдерге уақыт жоғалтуды ұнатпайтын Трамп екенін ұмытпайық. Өйткені ол кәсіпкер, сондықтан өз идеясына сенеді, пайдасын көреді, демек, әрекет етеді. Иә, ұсынылған формат тосын болды, тіпті атауының өзі саясаттанушыларды алғашында абдыратып тастады. Үйреншікті council емес, Board of Peace. Дегенмен мұнда белгілі бір логика бар. Board — бұл шексіз пікірталас алаңы емес, шешім қабылдайтын кеңістік. Төраға сайланбайды, тұрақты.
Ықпалға келсек, кім қанша ресурс бөлсе, соның ықпалы да басым. Жарғысы халықаралық келісімнен гөрі бизнес-құжатқа көбірек ұқсайды, ал Кеңестің өзі келіссөз жүргізетін органнан гөрі жобаларды басқаратын құрылым тәрізді. Мұның барлығының артында Трамп тұр. Ал ол «алаңдаушылық білдіреміз» деген мәлімдемелермен шектелетін адам емес, оған нақтылық пен әрекет керек. Бүгінгі әлем дәл соған мұқтаж.
Саяси жауапкершілік
Трамп БҰҰ-ның әлеуеті бар екенін ашық айтады, алайда ұйым оны толық жүзеге асыра алмады деп есептейді. Шектен тыс көп рәсім, жиын, әңгіме, уәде мен ұсыныс бар, ал нәтиже жоқ. Бұл пікірмен келіспеуге, дауласуға болады. Бірақ бір шындықты жоққа шығару қиын: соғыстар тоқтаған жоқ, қақтығыстар саны артып келеді, ал классикалық әрекет ету тетіктері тиімді жұмцс істемей тұр. Бейбітшілік кеңесі идеясы Газа айналасындағы тығырықтан шығу жолын іздеуден туындады.
Дәстүрлі дипломатиялық формулалар жылдар бойы нәтиже бермеген жерде басқарушылық тәсіл ұсынылды: аумақ бар, гуманитарлық апат бар, донорлар бар, қалпына келтіру қажеттілігі бар. Оның логикасы бойынша жаңа, жедел әрі басқаруға негізделген формат қажет болды. Жауапкершілікті өз мойнына алатын құрылым да осылай пайда болды. Негізінде, Трамп әлемге басқаша қарауға тырысып отыр. Ол оны ресурстар, үйлестіру және жауапкершілік шешуші рөл атқаратын басқарылатын үдеріс ретінде көреді. Иә, бұл модель классикалық жүйеден гөрі корпоративтік форматқа жақын. Бірақ, мүмкін, ол ескі құрылымдар өз міндетін атқара алмай қалғандықтан пайда болған шығар?
Board of Peace құрылымы
Бейбітшілік кеңесінің құрылымы да өзгеше. Біріншіден, Дональд Трамп оны АҚШ өкілі ретінде емес, идея авторы ретінде басқарады. Кеңес мүшелері — мемлекеттер, бірақ олар шақыру арқылы қабылданады. Қатысу үлесінің маңызы зор.
Формалды түрде дауыс теңдігі сақталғанымен, іс жүзінде бейбітшілік туралы жай сөзбен шектелмей, нақты үлес қосуға дайын елдерге басымдық беріледі. Құқықтық тұрғыдан бұл БҰҰ-ның орнын алмастырмайды, бұл міндетті жарнасыз әрі күрделі ратификация рәсімдерінсіз құрылған жаңа икемді платформа. Біреулер мұны әлсіз тұсы деп бағалады. Ал енді біреулер, керісінше, артықшылық деп санайды.
Жаһандық диалогтың бір бөлігі
Бейбітшілік кеңесіне мүдделері, саяси мәдениеті мен қақтығыс тәжірибесі әртүрлі елдер кірді. Бірі қолдау іздейді. Біріне тепе-теңдік немесе өз дауысын естірту маңызды. Осы жаңа ұйым мүшелерінің қатарында Қазақстан да бар. Біз үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы, ең алдымен, форматы қаншалықты тосын болса да, жаһандық бейбітшілік диалогының бір бөлігі болуға дайын екеніміздің белгісі. Қазақстан өзін бұрыннан келіссөздер, ымыра мен бейбіт бастамалар алаңы ретінде танытып келеді.
Сондықтан елдің қақтығыстарды реттеудің жаңа тетіктерін іздеу әрекетінен шет қалмауы заңды. Әрине, Бейбітшілік кеңесі панацея емес. Ол соғыстарды бір сәтте тоқтатпайды, геосаясат пен аймақтық мүдделерді жоққа шығармайды. Алайда құралдар қатты тапшы кезеңде, бәлкім, ол даулы әрі кемшілігі көп болса да, тағы бір тетікке айналар. Бүгінде әлем созылмалы тұрақсыздық жағдайында өмір сүріп жатыр. Осындай шындықта форматтың мінсіз болуы емес, біреудің әлі де болса шешім іздеуге талпынып жатқаны маңыздырақ сияқты. Ал егер Бейбітшілік кеңесі бейбітшілік туралы әңгімені сөз жүзінен нақты іске көшіруге жасалған қадам болса, онда ол назар аударуға тұрады. Әрі қарай уақыт көрсетеді.