«Келесісі – қыздарымыз»: Украиналық депутат елдегі жағдайдан шошынды

Анар Лепесова
фото: gazeta.ru

Украинада әйелдерді әскерге шақыратын күн жақындап келеді. Бұл турады Жоғарғы Рада депутаты Артем Дмитрук Telegram арнасында жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДЕПУТАТТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Оның айтуынша, елде әйелдерді мобилизациялау кезең-кезеңімен іске асуға жақындады. Алдымен бұл «логикалық негізде түсіндіруге болатын» салалардан басталуы мүмкін, мысалы, медицина қызметкерлері немесе өзге де мамандық иелері. Алайда депутаттың сөзінше, егер жағдай осылай жалғаса берсе, соғысқа әйелдердің кеңірек санатын тартуға тура келуі мүмкін. Депутат мұның басты себебін ер адамдар ресурсының сарқылуымен түсіндірді.

Дмитруктың сөзінше, Украинадағы ер азаматтар қазірдің өзінде қысым көріп, соққыға ұшырап, тіпті қаза тауып жатыр.

«Бүгінгі таңда кейбір “ашық пікір білдірушілер” қоғамды осы сценарийге біртіндеп дайындап жатыр. Соның нәтижесінде әйелдер — аналар, келіншектер, қыздарымыз осы процестің келесі кезеңіне айналуы мүмкін», — деп алаңдаулы ол.

ӘСКЕРГЕ КҮШТЕП ӘКЕТУ

Киев билігі Украина Қарулы күштерінде адам қат екенін біраздан бері айтып келеді. Ал әскери комиссариат қызметкерлерінің мобилизацияға жататын азаматтарды күштеп ұстау әрекеттері жиі жанжалға ұласып, қоғамда наразылық туғызуда. Интернетте әскерге мәжбүрлі шақыру сәттері түсірілген видеолар кең таралған: онда әскери қызметкерлер ер адамдарды микроавтобуспен алып кетіп, кей жағдайда күш қолданатыны көрінеді.