Отандық шаруалардың мәселесі шаш етектен. Субсидияның рахатын сезініп жүрген ірі шаруашылықтар он сиыры арам қатса да «садақа» дер, ал ортаңқол және шағын шаруашылықтарды алаңдатқан проблема аз емес. Бір ғана кепілдік заттың болмауы немесе арзанға бағалануы мемлекеттік бағдарламалардың игілігін сезінуге мүмкіндік бермей отыр.
Қыстан қысылмай шыға ма?
«Жығылғанға жұдырық» демекші, биыл жазда еліміздің кейбір өңірінде қуаңшылық орын алып, шаруаларды әбден састырды. Күзде астықты аймақтарда жауын бір айға жуық толастамай, ору жұмыстарына кедергі келтірді. Осылайша, мал ұстаған ағайын да, диқандарда да табиғаттың тосын сыйына бетпе-бет келіп, тығырыққа тірелгені жасырын емес. Олар Үкіметтен қаржылай көмек сұрап отырған жоқ. Екінші деңгейлі банк және агро ұйымдар алдындағы берешектер төлемін ұзартуға ұсыныс айтуда.
Десе де, Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері жағдай тұрақты екенін алға тартып отыр. «Шөп жеткілікті. Төрт түлік қыстан қысылмай шығады. Астықтың сапасы алдыңғы жылдармен салыстырғанда төмендеу болса да наннан тарықпаймыз», деп сенімді отыр олар. Уақыт – төреші.
Субсидия сарсаңы
Субсидия ережелерінің жиі құбылуы отандық шаруалардың діңкесін құртып болды. Құжат жинаумен әлек болып, одан қалды күні-түні ғаламторға байланған фермерлер тиісті қаражатына уақтылы қол жеткізе алмай жүр.
Павлодар облысы Май ауданындағы «Бейсен» шаруа қожалығының басшылығы субсидия алуға ынтасы жоғалғанын айтып отыр.
– Ақша ешқашан артықтық етпейді ғой. Қой шаруашылығымен айналысып жүргендіктен сол бағыттағы субсидияларға қол жеткізуге тырысып көрген едім. Алайда көсе-көлденеңдеген талаптардың көптігінен қолымды бір-ақ сілтедім. Ережеге сай, қойдың әрқайсысына электронды сырға тағу керек екен. Өзге де машақаты аз болған жоқ. Есептеп қарасам, талаптарды орындауға кеткен шығын субсидияның қаражатымен бірдей. Уақытымды сарп етіп, шығындалып құжат жинап сандалғанша, демеуқаржыдан бас тарту әлдеқайда тиімді емес пе? Бұл – барлық шаруаға ортақ мәселе. Бұрын асылдандыру бағдарламасы шеңберінде әр ірі қараға 18 мың теңге субсидия қарастырылып, қаражатқа еш қиындықсыз қол жеткізетін едік. Жыл сайын ережелер өзгеріп, шаруалардың жүйкесін жұқартқаны рас. Айтпағым, субсидиялардың талаптары жеңілдетілсе екен. Мемлекеттік қолдау ешқандай қиындықсыз діттеген жеріне жету керек, – дейді шаруашылық басшысы.
Ветеринар тапшы
Еліміздің барлық ауылдарында дерлік ветеринар мамандар алпысты алқымдаған, зейнеткерлік жасқа аяқ басқан азаматтар. Тіпті алдағы он жылда ветеринарлар мен механиктерді табу қиынға соғады деген болжам бар. Жастардың ауылда еңбек еткісі келмейтінін мойындауымыз қажет. Себебі, жалақы аз, баспана мәселесі тағы бар. Көптеген ауылдарда ветеринар мамандардың қызметтік көлігі тозғанын көріп те, естіп те жүрміз. Оларға жанар-жағармай үшін аз қаражат бөлінетіндіктен, кейде шаруалар ветеринарларды өздері тасымалдауға мәжбүр екен. Вакцинаны сақтау мәселесіне де мән берілгені абзал. Тоңазытқыш қондырғылармен жабдықталған ғимараттардың жоқтығынан мал дәрісі кез келген орында сақталып, салдарынан вакцинаның қуаты жоғалатыны жиі айтылады. Бұдан кейін дәріні салдың не, салмадың не?!
Шаруаларды қолдауға бағытталған бағдарламалар аз емес. Әттеген-айы сол, шалғайдағы фермерлер бұдан хабарсыз. Кейбірі бағдарламаның талаптарын толығымен түсіне алмай дал. Бірде ғаламтор мәселесі қолбайлау болса, көбі бағдарламаның майын тамызып, жілігін шағып беретін мамандармен бетпе-бет кездесуге асық.
Біз ауыл шаруашылығы саласындағы екі-үш мәселені ғана сөз еттік. Кез келген шаруаны әңгімеге тартсаң, проблемаларды тізбелеп сайрай жөнелер. Бастысы Ауыл шаруашылығы министрлігі өтініштерге құлақ түріп, дер кезінде дұрыс шешім қабылдаса болғаны.
Оралхан ҚОЖАНОВ