10,3 трлн депозит: Алматылықтар доллармен, түркістандықтар теңгемен сақтайды

Аян Өрібай

Ақшасы бар азаматтар қомақты сомасын қазір не депозитке салады, не жылжымайтын мүлік сатып алып, одан пайда көреді. Соңғысы көп-көрім инвестиция көзі десек те, алғашқысының «пайызын» табысқа айналдырып отырған адамдар баршылық. Ulysmedia.kz порталы елдің депозиттік нарығына үңіліп, қай өңірдің халқы салымын теңгемен немесе доллармен сақтайтынын анықтап көрді.

Фото: Ашық дереккөзден

Банктердегі депозиттер туралы Ұлттық банктің соңғы мәліметі 2021 жылдың 1 қыркүйегінде жаңартылыпты. ҰБ ақпаратына сәйкес, елде жеке тұлғалар депозитке 10,3 трлн теңге сақтап отыр. Депозиттің өзі белгілі бір уақытқа және клиент талап еткенге дейін, яғни екі түрмен ашылады. Оқырманға осы депозиттерді қосып, қай өңірлерде халық депозитке көбірек ақша салатынын, халық қай валютада ақша салуды жөн көретіні жөнінде ақпаратты ұсынамыз.

Халық бұл күнде жалпы 10,3 трлн теңгенің 6,42 трлн теңгесін ұлттық валютада (63%), ал 3,88 трлн теңгесін өзге валюталармен (37%) сақтауда. Өңірлерді бөліп қарағанда депозитке ақша салу жағынан бірінші орында – Алматы қаласы тұр. Алматылықтар депозиттегі ақшасын 50/50 қағидатымен (2,3 трлн теңгені теңгемен, 2,3 трлн теңгені басқа валютамен) сақтауды жөн көреді екен.  Екінші орында 730 млрд теңгені теңгемен, 541 млрд теңгені басқа валютамен жинаған нұрсұлтандықтар тұр. Үшінші орынға 469 млрд теңгені теңгемен, 159 млрд теңгені өзге валюталарда сақтаған қарағандылықтар жайғасқан.

Өңірлерді бөліп қарағанда жеке тұлғалардың депозитке ақша салу көрсеткіші мынадай (млн теңге):

Осы кестеге сүйенсек, жалпы қазақстандықтардың 37% депозитті өзге валюталарда жинайтынын есептеп шығаруға болады. Өзге валютада депозит жинайтын өңір халқының алдында алматылықтар (49%), астаналықтар (42%), атыраулықтар (29%), батысқазақстандықтар (27%), маңғыстаулықтар (26%) тұрғанын көреміз. Депозиттерінің 20-25 пайыздық бөлігін өзге валютада сақтайтын өңір халқының қатарында қарағандылықтар (25%), шымкенттіктер (24%), ақтөбеліктер (23%), қызылордалықтар (23%), павлодарлықтар (22%), қостанайлықтар (22%), шығысқазақстандықтар (20%), жамбылдықтар (20%), Алматы облысы халқы (20%) бар. Депозитті ұлттық валютада солтүстікқазақстандықтар (15%), ақмолалықтар (18%), түркістандықтар (14%) сақтайды.