Ұялмас бетке талмас жақ немесе шенеуніктер мәселені қашан шешеді?

Ulysmedia

2023 жыл еліміз үшін сынаққа толы болғаны белгілі. Қандай сынақ болмасын, ол сынақ тапсырушының күшті және әлсіз тұстарын анықтап береді. Міне, өтіп бара жатқан жыл Қазақстан халқы үшін ғана емес, халық тағдырын сеніп тапсырған биліктің өзіне де емтихан болды. Сонымен 2023 жылы «Жаңа Қазақстан» «Ескі жүйенің» тосын сыйларын қалай қабылдады? Мемлекеттік аппарат табандылық таныта алды ма? Тарқатып айтайық.

Коллаж Ulysmedia

«Шүбәсіз» жеңіс

Жылдың алғашқы тоқсанында, 19 ақпан-19 наурыз аралығында өткен мәжіліс пен мәслихат сайлауы дау-дамайсыз өтті деуге келмес. Президент Тоқаев сайлау үдерісін реформалау, заң шығарушы органға бірнеше партияның сайлануына жол ашу, мәслихат пен мәжіліс депутаттығына кандидаттардың тек партиялық тізіммен емес, сондай-ақ өзін ұсыну арқылы да бола алатындығына конституция арқылы кепілдік берді. Соған қарамастан, біздің шенеуніктер әдеттен тыс сайлауға түсуді ұйғарды. 

Ал өкілетті органдарға сайлау кезінде атқарушы биліктің қалай шеттетілуі керектігін мемлекет басшысы өз үлгісімен көрсеткенімен, шенеуніктер бәрін өзінше істеді. Сондықтан да сайлау додасы басталғалы барлық өңірдегі депутаттыққа үміткерлерден оларға қатысты кейбір әңгімелер мен айыптаулар толастаған емес. Олардың кейбіреуі, өздері сендіргендей, өтірік сылтаумен тіркеуден бас тартты, кейбіреуі жарыстан шеттетілді, кейбіреуін басып тастады, кейбіреуі әкімшілік ресурстарын пайдаланды, жылпылай айтқанда, сайлау аламаны ақ пен қара сызыққа толы болды. 

Наурыздың 19-ы күні кешке әлеуметтік желі бұрқ-бұрқ қайнап жатты. Желі қолданушылары сайлау учаскелеріндегі «қызықты» сәттер түсірілген әуесқой видеоларымен бөлісті. Сайлау комиссиялары мүшелерінің «кім мықты, кім шапшаң, кім айлакер?» ойынын қалай ойнап жатқаны жайлы видеолар мен дауыс санау процесіндегі «түсініксіз» жайттар, сондай-ақ қоғамдық тәртіптің сақшысы деп жүрген ішкі істер органдарының белсенді сайлаушыларды түрлі сылтаумен сайлау учаскелеріне кіргізбей, қуаласпақ ойнап жүрген сәттері әлеуметтік желінің көзайымына айналды. 

Кандидаттардың сенімді өкілдері ОСК мүшелерінің дауыс беру бюллетендерін жәшікке қойша тоғытып, жан алысып, жан берісіп жатқан сәттеріне талай куә болған. Бұл жайлы да видеолар аз емес.  

Сондықтан сайлау нәтижесіне таң қалудың қажеті жоқ. «АМАНАТ» партиясы 53,9 пайыз дауыс жинады. Ал Мәжіліске өткен бір мандаттылардың басым көпшілігі, яғни 22 кандидат «Аманат» партиясының мүшесі. Парламенттің төменгі палатасына өзін-өзі ұсынған, партияда жоқ тек жеті кандидат келді. 

Естеріңізге сала кетейік, Парламент Мәжілісінде 98 депутат бар, партиялық тізім бойынша дауыс беру қорытындысы бойынша 69 депутаттық мандаттың иелері анықталды. Бір мандатты сайлау округтеріндегі 29 депутаттық орынға партия өкілдері де, өзін-өзі ұсынған кандидаттар да таласты. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы сайлауға қатысу Қазақстан тарихындағы ең төмен көрсеткіш болып, 54,21%-ды құрады. 

Өкінішке қарай, камераға түсірілген көптеген бұзушылықтардың ішінде ресми түрде бірнешеуі ғана мойындалды. Ал тәуелсіз кандидаттардың сайлау нәтижелерін жойып, сайлауды цифрлық форматта қайта өткізу туралы талаптары ескерілмей қалды. Сондықтан көптеген депутаттыққа үміткер азаматтар, байқаушылар, қоғам белсенділері мен сарапшылар бұл сайлау әділ өтпеді деген пікір білдірді. Олар бастапқыда бәрі басқаша болады деп сенген-тұғын. 

Әлеуметтік саладағы кез келген шайқаста мемлекеттік аппарат әрқашан жеңіске жететін болса, оны 2023 жылғы сайлау тағы бір рет растады.  Десе де, мемлекеттік аппараттың күші табиғаттың тосын мінезі алдында әлсіз болып шықты.  Біздің шенеуніктер қыста қармен, көктемде су тасқынымен, жазда аптап ыстықпен, күзде толассыз жаңбырмен алысатынын көріп жүрміз. Егер табиғаттан мықты болса, онда шенеуніктеріміз баяғыда-ақ жеңіп шығар еді, мықты болмағаннан кейін осылай әлеуметтік желінің күлкілі мемдеріне айналып, маусым сайын таба болып жатқаны емес пе? 

2023 жыл бұрынғы жылдардан ерекше болды деуге болмас. Табиғат-ана көктемде, сайлау өтіп жатқан шақта, шенеуніктерді аяған шығар, өйткені биыл көктемде су тасқыны анау айтқандай көп әуреге салған жоқ.  Ал жазда шенеуніктердің апшысын қуырып, әбден дедектетіп қойды.  

БҰҰ-на қарасты Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым мен «Коперник» еуропа климаттық қызметі өткен жазды «ең ыстық» деп атады. Ал Қазақстанда жазғы құрғақшылыққа тағы бір мәселе қосылды: бұл – ауа райын болжайтын «Қазгидрометтің» қызметіндегі салғырттықтан туындаған су тапшылығы.    

Су тапшылығы әсіресе Жамбыл облысында анық байқалды. Аймақ дихандарына су көршілес Қырғызстаннан келетін.  Бұған көрші елді кінәлаудың еш реті жоқ, өйткені олардың өзі осы маусымда суға зәру болып қалды. Талас өзенінің бойынан салынған Киров су қоймасында су таязданған. Экология, Ауыл шаруашылығы министрліктері, сондай-ақ  жергілікті атқарушы органдар Байзақ, Талас, ішінара Жамбыл және басқа да аудандардағы дихандар 4 мың гектарға жуық пияз бен қант қызылшасына судың жетіспеушілігінен қауіп төнді деп дабыл қаққанда ғана терең ұйқысынан оянды. Жамбыл облысында төтенше жағдай жарияланды, бірақ бұл жағдайды өзгерте алмады, астықтың 30 пайызы қурап кетті. Бұл өңірде құрғақшылықтан келген шығын 7 миллиард теңгеге жуықтаған. Көптеген сарапшының айтуынша, егер шенеуніктер алдын ала іске кіріскен кезде, мәселе мұншалықты ушықпас еді.  

Жойқын апат

Ал күзде табиғат шенеуніктеріміздің «жалқаулығын» мазақ еткендей, тағы бір сыйын тарту етті. Ала жаздай тамбаған жаңбыр егін орағы жақындаған сәтте аспан тесіліп кеткендей толассыз жауып тұрды. Еліміздің негізгі астықты аймақтарында толассыз жауған жауын бір айға жуық тоқтамай қойды. Жауын-шашын деңгейі орташа жылдық көрсеткіштен үш есе көп болды. Жазғы құрғақшылықтан әупірімдеп аман қалған егіннің бір бөлігі күзгі жауын-шашынмен бірге құрдымға кетті. 

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қараша айының басында өткен үкімет отырысында биыл Қазақстанда бидай өнімі соңғы үш жылмен салыстырғанда ең төмен деңгейде  жиналғанын мәлімдеді. Бұған, министрдің айтуынша, астықты аймақтардағы толассыз жауын-шашын кінәлі. 

 – Бұл астық сапасының нашарлауына, дәннің тамырлануына, жоғары ылғалдылық пен рефакцияға, сондай-ақ астық өнімділігінің төмен болуына әкеліп соқты. Арнайы комиссия еліміздегі зардап шеккен барлық аймақты аралап, егін жинау жұмыстарының барысын сараптады. Мәселен, әкімдіктердің мәліметі бойынша, 2,7 миллион гектар алқапта немесе жалпы жиналған алқаптың 15 пайызында дәннің көктеп кетуі байқалды, – деді А.Сапаров.

Астықты төрт аймақтың диқандары үкіметке жеңілдетілген жанар-жағармай көлемін ұлғайту, сондай-ақ несие және лизинг төлемдерін кейінге қалдыруды ұсынды. Ауыл шаруашылығы министрлігі оларға қолдау көрсетті. Сол үкімет отырысында егін орағы науқанының барысы туралы баяндаған Сапаров белгіленген заңнамалық тәртіпке сәйкес, субсидия арқылы шаруалар қажеттілігін толығымен жабу мәселесі пысықталып жатқанын, зардап шеккен шаруаларға қаржы институттары арқылы несиелер жеке-жеке қарастырылып жатқанын хабарлады. 

Бастапқы кезеңде субсидиялар бойынша 30,0 млрд теңге қарыз өтелсе, қалған берешек жыл соңына дейін өтеледі.

Су астындағы қалалар

Айтпақшы, сол толассыз жауған жаңбыр жаздың аяғында екі мегаполис – Астана мен Алматы және Қарағанды қаласының әкімдеріне тағы бір сый жасады. Бұл қалалар толассыз жауған жаңбыр кезінде бірінен соң бірі су астында қалды.  Әлеуметтік желілерде бұл тақырып кеңірек қамтылып, қайықпен жүргендер мен хайппен жүргендердің фото-видеосына толып кетті.  

Суға кеткен қалалардың әкімдігі табиғаттың сынағы мен халықтың толассыз сұрағына жауап дайындаумен әуре болып жатты. Елорда әкімдігі атқарылған жұмыстар туралы дереу мәлімдеме жасады. Онда әкім қала бойынша 100-ден астам техника – кәріз машиналары мен мотопомпалар жұмылдырылғанын айтып, ақталды. Тіпті Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қала тұрғындарынан кешірім сұрады: 

«Келтірілген қолайсыздық үшін тұрғындардан кешірім сұраймын. Біз бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Проблемалар бар. Қазір, өкінішке қарай, құрылысшы әріптестер қоқысты канализацияға лақтырады. Соның салдарынан осындай жағдай болып қалды».

Сондай-ақ ол әлеуметтік желілерде «су тасқынының» себептерін және алдағы уақытта су тасқынының алдын алу үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын егжей-тегжейлі түсіндірді.    Алматы әкімі Ерболат Досаев өткен жылдың шілде айында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы тақырып бойынша жауап берген. Бұл жолы қайталап жатуды жөн көрмеген сыңайлы. Өйткені содан бері ештеңе өзгермеген. Әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сенсек, мұның бәріне тек табиғат-ана кінәлі екен. 

 - Сағат 19.00-дегі жағдай бойынша қалада 27 мм жауын-шашын түсті, бұл «Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша айлық норманың 80 пайызын құрайды (тамыз үшін 34 мм). Жауын басталғалы 52 мобильді топ пен 27 мотопомпа жұмылдырылды.

Қазіргі уақытта су тасқынын жоюға барлық қалалық төтенше жағдайлар қызметі мен коммуналдық ұйымдар тартылып, қарқынды режимде жұмыс істеп жатыр. 1008 жол жұмысшысы мен 640 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Медеу ауданы әкімдігі аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп, көшкін қаупі бар аймақтарға тексеру жүргізді, – деді әкімдік.

 Сондай-ақ, хабарламада «Су тасқынының алдын алу және судың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында 320 жұмысшы мен 89 бірлік арнайы техника арық желілерінің, арық өткелдерінің және кездейсоқ қоқыстарды жинауға арналған қақпақтардың проблемалық аймақтарын тазалау жұмыстарын ұйымдастырғаны, сонымен қатар құм салынған 2 мыңнан астам қап дайындалғаны айтылады. 

Қарағандыда әкім Нұх заманынан бері болмаған «үлкен су тасқынының» себептері туралы былай деді:

 - Айтайын дегенім, бұл біз үшін әдеттегі жаңбыр емес, бұл жауын-шашынның шамадан тыс мөлшері. Қаламызды бір сағат бойы бұлт басып тұр, бір сағатта қандай мөлшерде жауын-шашын  түскенін айта алмаймыз. Қаладағы суағар жүйесі мұндай көлемге арналмаған. 

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды…

Желтоқсанның алғашқы аязы мәселенің мәнін көрсетіп берді. Былтырғы бүрсеңдеп жүргеніміз, қаһарлы қыстың әуре-сарсаңынан ойға ештеңе түймеппіз. Қазақстанның энергетика жүйесіне жүргізілген аудит те, оны жөндеуге бөлінген миллиардтаған бюджет қаражаты да, енгізілген «Тарифті инвестицияға айырбаста» бағдарламасы да бәрі бос сөз екен.  Ал жоғары лауазымды шенеуніктердің биыл қысқа сақадай саймыз деп жүргені бос мақтан болып шықты. 

Үстіміздегі жылдың қараша айында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың «Екібастұз жылу электр орталығы» толық ретке келтіріліп, бес ыстық су қазандығы коммуналдық меншікке алынып, бюджеттен 8,2 миллиард теңге бөлінгені туралы сенімді мәлімдемесінен кейін мұны басқаша қалай түсіндіруге болады. Бір айдан кейін Екібастұз қайтадан жылусыз қалды. 

Бақытымызға қарай, бірнеше сағаттан кейін апаттың салдары жойылды, бірақ барлығы - қала тұрғындары да, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов та, осы жылдың сәуір айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бәрі жақсы деп есеп берген Роман Скляр да қатты қорықты. Неге? Өйткені Екібастұзда 2022 жылғыдай жылу дағдарысы қайталанбауы керек!

Бірақ мәселенің тереңдеп кеткені сонша, тіпті президенттің «тоқпағы» да шенеуніктерге шыбын шаққан құрлы әсер етпеген. «Жұмыс істелді, тапсырма орындалды дегенмен», Екібастұздан кейін Балқаш, Ақтау, Атырау, Теміртау, Степногорск қалаларындағы тұрғын үйлердегі жылыту радиаторлары жарылып, ақиқат белгілі болып қалды. 

Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың маусым айында Балқаш жылу электр орталығының төңірегінде жанжал шыққан болатын. Бұдан кейін Қаржы мониторингі агенттігі «Балқаш Жылу» ЖШС лауазымды тұлғалары 2020-2023 жылдар аралығында жалпы сомасы 677 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Бұдан бір ай бұрын, яғни мамыр айында ҚР Үкіметі Ақтау қаласы мен оған жақын орналасқан ауылдардың тұрғындарын жылумен және газбен қамтамасыз ету үшін өз резервінен 3 миллиард 695 миллион 925 мың теңге бөлді. 

Айтпақшы, бұл қаулыға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қол қойды. Күзде Атырау қаласы әкімдігінің тапсырысы бойынша 1228 көпқабатты тұрғын үй тексеріліп, жылу маусымына дайындық жұмыстары жүргізілді. Содан кейін дайындыққа 727 миллион 471 мың теңге бөлінді. Бұл ретте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдулат Кенжебеков Атырау облысы жылу беру маусымына 97 пайызға дайын екенін айтты.

Теміртауда өткен жылыту маусымында 239 апат және жылу желілерінде үзіліс орын алған. Сондықтан Теміртау билігі орталық Металлургтер даңғылы бойымен өтетін және қаланың үштен бір бөлігін жылумен қамтамасыз ететін ең көне жылу магистралін қайта жаңғыртуды ұйғарды. Бұл үшін қалалық бюджеттен 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. 

Өткен жылыту маусымында 50 мың тұрғыны жылусыз қалған Степногорск қаласындағы жылу электр орталығының жабдықтары мен қаланың жылу желілерін жөндеуге 5,3 млрд теңге бөлінді. 

Аяздан жапа шеккен қалалардың тұрғындары алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын үреймен бақылап отырады. Өйткені сүйектен өткен сары аяз әлі де әлеуметесінен шыға қойған жоқ. «Мұз дәуірі» Қазақстанға қайтып келе ме, сіз қалай ойлайсыз?