Миттал ұтты ма, ұтылды ма?

Ulysmedia

Қазақстан үкіметі мен ірі шетелдік инвесторлардың бірі – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ (негізгі акционері Лакшми Миттал) арасындағы шиеленіске толы оқиғалардың барлығы жыл бойы халық назарында болды десек қате айтқандық емес. Үнді миллиардерінің (Ұлыбритания азаматы) иелігіндегі шахталарда болған апаттар қазақстандық қоғамның ашу-ызасын туғызды. Өйткені бір жылда қатарынан екі бірдей жарылыс болып, жұмысшылар қаза тапқан еді. Ал жыл соңында миллиардер Қазақстан үкіметімен келісімге келді. Яғни, инвестор біздің ел нарығынан шығатынын жариялады.  

Ірі металлургиялық кен орнын сату-сатып алу келісіміндегі шарттар мен талаптар мәселесі көп талқыланды. Ulysmedia.kz мәселені зерттеп, оқырман назарына ұсынады. 

Коллаж Ulysmedia

Неге сатып алдың…

Миттал «Қазақ Магниткасының» қожайыны болған 28 жылдың ішінде оған тиесілі шахталарда 30-ға жуық апат болып, 100-ден астам адам қаза тапты, 200-ге жуығы мүгедек болып қалды. Бірақ жұмысшылар мен белсенділер айта-айта шаршаған шахталардағы жарылыстар да, қынадай қырылған кеншілер де, тексерулер кезінде анықталған өндірістік қауіпсіздік талаптарының сансыз бұзылуы да, нашар еңбек жағдайы да, шетелдік инвесторға шыбын шаққан құрлы әсер еткен жоқ. Керісінше, байыған үстіне байып, Форбс тізімінде тасы өрге домалады. Басқаша болуы мүмкін емес те еді. Өйткені Лакшми Миттал қазақстандық алпауыт кен орнын 1995 жылы бар-жоғы 225 млн. АҚШ долларына сатып алды. Оның өзін төрт жылға бөліп төледі. Кен орны Миттал әулеті үшін басқа қонған бақ болғаны рас. Қазақстан билігі оған бонус ретінде салық жеңілдігі, шикізат бағасы, электр энергиясының төмен тарифтері және т.б. орасан зор преференциялар берді. Сонымен бірге инвестордың әлеуметтік міндеттемелеріне тоқсан пайыз жеңілдік жасалды, заң бұзушылыққа қатысты айыппұлдың көлемін жылына 200 миллион теңгеден асырмаймыз деп уәде берді.

Пара бергені рас па?

Мұндай сәтті келісімді Миттал қалай жасады деген сұраққа 2008 жылы "Амфора" баспасынан жарық көрген «Жер бетіндегі ең бай адамдар. Үлкен жиырмалық» кітабының авторы былайша жауап береді: 

 - ...Сонымен қатар, Лакшми Миттал 1995 жылы Қазақстандағы Қарағанды ​​металлургиялық зауытын сатып алып, ТМД-да ықпалы артты. Теміртау зауыты  инвестиция құятындай тартымды нысан болған жоқ. Посткеңестік кәсіпорын, аты айтып тұрғандай, 1960-шы жылдардағы ескі-құсқы жабдықтармен жабдықталған, болашағы жоқ нысан еді. Кәсіпорынның сатылар алдындағы жағдайын суреттесе:  жұмысшыларға жарты жыл бойы жалақы төленбеген, өндірілген өнім айырбас арқылы сатылатын, коммуналдық қарыздар үшін су мен жылуы өшірілген кәсіпорын болатын.  "U.S.Steel" менеджерлері кәсіпорынды сатып алғысы келіп біраз айналшықтап жүрді, алайда оның жағдайына толық көз жеткізген соң, тәуекел еткілері келмеді. Ал М.Лакшми тәуекелге бел буды және ол қателеспеген екен. 

Митталдың қазақстандық шенеуніктердің біріне берген 100 миллион доллар парасын есептемегенде, кәсіпорынды жаңғыртуға 500 миллион доллар жұмсалған. Митталдың көмекшісі пара беру фактісі кәсіпорынды сатып алғаннан кейін көп ұзамай болғанын ресми түрде мәлімдеді. Осыдан кейін жанжал туындауы керек еді. Алайда "әшкере" болғанына Миттал да, Үкімет те қайғырмады. Миттал пара беруге еш қысылмайды. Өйткені ол үкімет деңгейінде тамыр-танысы болса ғана кәсіпорынды сатып алуға бел шешіп кіріседі.  Және Қазақстан мұндай тәжірибедегі жалғыз ел емес. Индонезия, Румыния, Украина, Польшада да тура осылай болған еді. 

Миттал үшін бұл келісім  өзін толық ақтады: бүгінде «Испат Кармет» (зауыт осылай аталды) жылына 6,6 миллион тоннадан астам болат өндіріп, қомақты табыс әкеледі. 

Ат құйрығын шорт кесу

Митталға да, оның «өндірістік немқұрайлылығына» қарсы күрескен қоғам белсенділеріне де, тәуелсіз экологтарға да жоғарыда сипатталған жағдай ешқашан бітпейтіндей көрінді. Бірақ ештеңе мәңгілік емес. 

Шетелдік олигарх үшін алғашқы дабыл  2022 жылдың қарашасында, Ленин атындағы шахтадағы апаттан кейін қағылды. Онда метан жарылысынан 5 адам қаза тапты. Сол шақта Парламент мәжілісінің мінберінен депутат Юрий Жулин үкіметке қарата: "өз кәсіпорынына осыншалық немқұрайлы қарайтын, адам өліп жатса да мыңқ етпейтін шетелдік инвестор бізге керек пе осы?" деп қатты-қатты сынға алған. 

Үкімет депутаттың айтқан сынына "эмоциямен айтылған шығар" деп мән бере қоймады. Десек те, Ленин атындағы шахтадағы төтенше жағдайды тексеру жөніндегі үкіметтік комиссияны басқарған Премьер-министр Әлихан Смайылов Лакшми Митталдың инвестициялық міндеттемелерін қалай орындап жатқанын білу үшін кәсіпорынға тиесілі барлық нысанға аудит жүргізуді тапсырды.

Комиссия шешімі таң қалдырды. Мұндай жағдай "Арселор Миттал Теміртау" нысандарын тексергенде бұрын-соңды болмаған. Комиссия "Жұмысшылардың кінәсі - 0%, жұмыс беруші кінәсі - 100%" деген қорытынды шығарды. 

Арада бір жыл өтпей жатып, 17 тамызда  тағы бес қазақстандықтың өмірін қиған қайғылы оқиға болды. Астана - Қарағанды арасында ұшуға әбден төселген Премьер-министр Ә.Смайылов осы жолғы сапарында Миттал кәсіпорындарының тағдыры шешілгенін және оларға қатысты осы шешімді жоғары жақ құптайтынын айтып кетті. Бірақ содан кейін британдық олигархпен «қоштасу» туралы мәселе қайтадан көтерілді. 

Таусылған төзім

Ал 28 қазанда Костенко атындағы шахтада жарылыс болды. Бұл жағдай Л.Митталдың Қазақстандағы кәсібінің түбіне жетті.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

Осыдан кейін басты жаңалықтарда үкіметтің AMT акционерлерімен алдын ала келісімге келгені және кәсіпорынды Қазақстанға беру жөніндегі мәмілені ресімдеуді аяқтап жатқаны туралы ақпарат шықты. 

Пезидент бұл ақпаратты қаза тапқан кеншілердің туыстарымен кездесуінде растады. 

  – Мен «АрселорМиттал Теміртаумен» инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы тапсырма бердім. Бұл компания біз бұрын-соңды ынтымақтастық орнатқан шетелдік компаниялардың ішінде ең нашары болып шықты», - деді Қ.Тоқаев. 

Содан кейін ол AMT-ның жаңа басшысы болып Вадим Басин тағайындалған айтты. 

   - Ол бір кездері ArcelorMittal компаниясында жұмыс істеген, кейін облыс әкімінің орынбасары болды», - деп таныстырды Қ.Тоқаев.

  – Мен оған осы кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Инвестор әкелген менеджердің жұмысын көріп отырмыз, қолынан ештеңе келмейді.

Тату-тәтті қоштасайық

Президенттің бұл сөзі әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырды. Миттал мен оның командасының «сәтсіздікке ұшырағанын» бәрі біліп отыр, бірақ тамырын тереңге жайған алып кәсіпорынды елден қуып шығудың ақыры Қазақстан үшін қауіпті болмай ма деп заңгерлер де, сарапшылар да бас қатырды. Өйткені халықаралық сот Қазақстанның мүддесін ескере ме, әлде Митталдың сөзін сөйлей ме деген күмән болмады емес, болды. Егер шынымен Миттал кететін болса, оның қазақстандық нарықтан ың-шыңсыз кетуі үшін Миттал үкіметтен не сұрады? Міне, қоғам осы сұрақтарға өзінше жауап іздеді. 

Қарағанды ​​облысының басты интригасына айналған мәселе 8 желтоқсанда шешілді. Үкіметте өткен брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жаңа инвестордың есімін жариялады, сонымен қатар мәміле шарттарына қатысты құпияны ашты.

 Отандық инвестор «Allur Group» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев болып шықты. Ал АрселорМитталды металлургиялық зауыттың акционерлерінен шығару туралы келіссөздер, Шарлапаевтың айтуынша, бір жыл бұрын – 2022 жылдың 3 қарашасында Ленин атындағы шахтада 5 кеншінің өмірін қиған апаттан кейін басталған.

Өткен жылдың 9 желтоқсанында Қазақстан үкіметі мен ArcelorMittal арасында қазақстандық тарапқа кәсіпорынды бағалау мен аудит жүргізуге мүмкіндік беретін келісімге қол қойылды. Оны жүзеге асыру үшін халықаралық кеңесшілер тартылды.

 - «АрселорМиттал» компаниясы 3,5 миллиард доллар сұрады, бұл халықаралық кеңесшілердің есебіне сәйкес келмеді», - деді Қанат Шарлапаев келіссөздер процесінің қыр-сырын ашып. 

 – Келіссөздер үдерісінің ұзаққа созылуының басты себептерінің бірі осы болды. Бұл ретте біздің мақсатымыз – қымбат және ұзаққа созылатын халықаралық сот процестеріне тап болмай, зауытты тиімді бағамен сатып алу болатын.

Кім нені алып қалды?

Келіссөздер процесі, министрдің айтуынша, 11 раундтан тұрды. Оның жетеуі Индустрия және құрылыс министрлігі құрылғаннан кейін, яғни 2023 жылдың қыркүйегінен бастап өтті.

  - Активтердің құны 3,5 миллиард доллардан 286 миллионға дейін төмендетілді, келісімді жүзеге асыруға бюджеттен бір теңге жұмсалған жоқ. Жаңа инвестор ArcelorMittal компаниясының мойнындағы 250 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қысқа мерзімді несие мен 450 миллион АҚШ доллары көлеміндегі ұзақ мерзімді несиені төрт жыл ішінде өтеуге міндеттеме алып отыр, - деді Шарлапаев. 

– 286 миллион доллар толық жұмыс істеп тұрған екі кәсіпорынның құны екенін ерекше атап өткім келеді.

 Министр «АрселорМиттал» компаниясының Қазақстан үкіметіне ешбір шағымы жоқ екеніне және келісімнің халықаралық құқық нормаларына толық сәйкес келетін құқықтық шеңберде жасалғанына назар аударды.

  – Оның үстіне, біз «АрселорМиттал» компаниясын «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорына 16 миллиард теңге (34,6 миллион АҚШ доллары) салуға келістірдік. АМТ-дан қорға түсетін қаражат Қарағанды ​​облысы тұрғындарының денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларындағы өзекті мәселелерін шешуге және өңірдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды дамытуға бағытталады. Оның үстіне бұл соманың 50 пайызы Теміртау қаласына жұмсалады.

Үкіметтің келіссөздердегі жетістіктері туралы баяндаған министр Шарлапаев, неге екені белгісіз, жаңа инвестор ескі инвестордан қалған проблемаларды қалай шешетінін айтпады. Кеңестік кезеңнен бері жаңартылмаған, тозығы әбден жеткен жабдықтар мен жоғары «оңтайландырылған» өндірістік процестен басқа не қалды?  Тарихи атауы - QARMET қана қалды. Сондай-ақ кәсіпорынның  жылдар бойы  мердігерлерге өтелмеген 500 млн доллардай берешегі қалды.