Бізге Әзербайжанның Иран жаққа ауып кетпегені керек – шығыстанушы

Аян Өрібай

Иран президенті ИбраҺим Раисидің қазасы жөнінде әлемнің геосаяси сарапшылары мен геосаяси бағытқа бейім БАҚ өкілдері жарыса жазып жатыр. Тікұшақ апатына байланысты алдын ала жарияланған нұсқаға сенбей, түрлі болжам айтып жатқандар да бар. Ulysmedia.kz тілшісі осы ретте белгілі шығыстанушы әрі саясаттанушы Жанат Момынқұловты сөзге тартып көрді.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Түріктердің көмегі

Жанат Момынқұлов алдымен, Иран президентінің осындай түсініксіз жағдайда көз жұмуы ол елде проблемалардың барын көрсететінін атап өтті. Яғни, біріншіден Иран сияқты аймақтағы алпауыт әрі ықпалды елдің президентінің және сыртқы істер министрінің, жоғары лауазымды тұлғаларының тікұшақ апатынан қаза болуы – Иранның сондай санаттағы саяси тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі проблемалары барын білдіреді. 

Екінші проблема – 16 сағат бойы өзінің президентінің қайда құлағанын таба алмауы. Оған Түркия Акынжы дронының көмегімен көмектесіп, тікұшақ қайда құлағанын анықтап, көрсетіп берген. Одан бөлек, Түрікменстан да, Өзбекстан да, Әзербайжан да көмегін аямайтынын айтып, мәлімдеме жасады. Бұлардың бәрі – түркі мемлекеттері және тікұшақ құлаған жер әзербайжандар тұратын аймақ.

Апаттың үш нұсқасы

Жанат Момынқұловтың сөзінше, апаттың үш нұсқасы бар. Біріншісі – табиғи жағдай. Сарапшының пікірінше, расында да, тұманды күні жолға шығып кеткені дұрыс болмаған, қауіпсіздіктің шарттары, ережелері сақталмаған. 

– Екінші біреулер себепті сырттан іздейді – Израильлден көреді. Яғни, бір ай бұрын ғана Изралильмен соғыс жағдайында еді. Иран 300-ге жуық зымыранын Израильге жаудырған. Соның жауабы ма екен деген сияқты сұрақтар бар. Ол енді Әзербайжаннан келе жатқандықтан, Израиль тарапынан шабуыл ықтималдығы төмен. Өйткені Израиль мен Әзербайжанның одақтас деңгейіндегі мемлекеттер екенін білеміз. Әзербайжан мен Иранның қарым-қатынасы оның үстіне жұмсарып, ортақ су станциясы талқыланып, екі президент емен-жарқын сөйлесті. «Біздің арамызға ешкім зиян келтіре алмайды» деген де мәлімдемелер жасалды, - дейді ол.

Шығыстанушының сөзінше, Иранның саяси және діни көсемі Рухолла Хаменеидің 85 жасқа толып, денсаулығына байланысты алып-қашпа әңгімелер шығып жатыр. Осыған байланысты оның орнын – Ибраһим Раиси баса ма деген сыбыс әңгімелер болған. 

– Раисидің тәжірибесі, діншілдігі, саясат жүйесіндегі орны да ескерілген болатын. Ердоған да «Иранның қасындамыз» деп үлкен мәлімдеме жасаған, - дейді Жанат Момынқұлов.

Ары қарай не болады?

– Ары қарай, үштік комиссия құрылады. Біріншісі – мәжілістің басшысы, екіншісі – президенттің бірінші орынбасары және үшіншісі соттың төрағасы. Осылардың үшеуі уақытқа билікті сақтайды. Елде сайлауы өтуі керек. Жалпы Ирандағы негізгі билік Хаменеидің қолында. Оның қасында «Ислам революциясы сақшылары корпусы» атты үлкен мемлекет ішіндегі мемлекет бар. Бүкіл қауіпсіздік, әскери саланы, экономиканы барлығын ұстап тұрған осы корпус, - дейді сарапшы.

Осы арқылы корпустың да ықпалын ұмытпау керектігін еске салады.

«Тегеранның қасапшысы» деген де аты бар

Жанат Момынқұлов Иранның қоғамы ішінде Раисидің беделіне қатысты пікір екіұдай – қарама-қайшылыққа толы екенін атап өтеді. Бір жағынан «Израильдің ықпалына төтеп берді» деген консерваторлық пайым болса, екінші жағынан «Тегеранның қасапшысы» деген де аты бар. Өйткені елде 2021 жылдан бері Раиси билікке келгелі үлкен толқулар болған. 

– Сол толқуларда жастарға өте қатал шаралар қолданылды. Қаншама жастар сотталды, басып жаншылды азапталды. Иранда осы өлімге қуанып жатқандар да баршылық. Яғни авторитарлы, діншіл режимге қарсы халықтың реакциясы да бар. Егер ішкі саяси нұсқа дұрыс болатын болса, онда расында да, Хаменеи өзінің ұлы Мүштәбә Хаменеиді өз орнына қойып кетпек деген нұсқа бар. Сол себепті ішкі саяси кландардың арасында осындай іріткі болды деген де көзқарастар айтылады, - дейді ол.

Біз Әзербайжанның тұрақтылығына мүдделіміз

Раисидің өліміне байланысты әлі ресми мәлімдема жасалған жоқ. Жанат Момынқұлов халықаралық сарапшылар, бұқаралық ақпарат құралдары осындай нұсқаларды талқылап жатқанын жеткізеді. 

– Бұл жағдайдың ішкі саяси жағдайға еш әсері болмайды. Өйткені Иранның саяси жүйесі заңмен бекітілген республикалық жүйе. Заңмен жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, Иран жартылай демократиялық ел. Сондықтан, бұл конспирологиялық тұжырымдар. Жалпы, бірақ негізгі себеп – ауа райы, қауіпсіздік жағдайларының сақталмауы делінеді. Айналып келгенде Әзербайжан факторына екпін жасауымыз керек. Өйткені Әзербайжан халқы жалпы Иранда да бар. Түркі әлемінің ішіндегі шииттер. Егер түркі жобасын дамытамыз десек, осы мәселеге ерекше назар аударуымыз керек. Өйткені тарих бойынша Иран түріктері – қызылбаштар дейміз, түрікмендер, оғыздар, шиилер біздің осы Орталық Азия мен Осман империясының арасына сына қағып, біріктірмей келді. Ресей Орталық Азияға жылжыған кезде олар да оңтүстіктен өзбектерге, қазақтарға қарсы жорықтарын жасады және католик Еуропамен, Русьпен қызылбаштар альянс құрып, Қырым және Қазақ хандықтарына қарсы әрекет жасағандарын білеміз. Сондықтан, Әзербайжан мемлекетінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін онымен тығыз жұмыс жасауымыз керек, – дейді ол.

Сарапшы Әзербайжан мемлекеті өте күрделі жерде тұрғандықтан, өте әккі саясат жүргізіп отырғанын, оның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ол елмен тығыз саясат жүргізуіміз керек деп есептейді. Иранмен де, Ресеймен де, Түркиямен де жақсы қарым-қатынаста. АҚШ-пен де байланысы бар. Күшейіп, мемлекеттігін де нығайтып алған. Десе де, Еуропа елдерімен қарама-қайшы тұстары бар. Сондықтан, келешекте сарапшы Әзербайжанның Иран жағына өтіп кетпеуін қамтамасыз етуіміз керек деп есептейді.

Раисидің қазасы Ресейге де тиімсіз

Жанат Момынқұлов Иран президентінің қазасы Ресейге де тиімсіз болғанын айтады. Себебі Украинанаға соғыс ашқан Ресейге Раиси көп көмектескен. Соның билігі тұсында «Шахед» және басқа да ирандық дрондар Ресейге берілген. 

– Осы қаза бәрібір Иранның ішкі және сыртқы саясатына қатты әсер етеді деп ойламаймын. Өйткені Иранның саяси сабақтастығы бар жүйе орныққан. Бірақ алдағы кезеңдерде Иранның қоғамына белгілі бір уақыттан кейін үлкен бір қысымдар болады. Халқы ашу-ызасын осы өлім арқылы шығаруы мүмкін. Қазір ондай үлкен митингтер, толқулар болады деп ойламаймын. Сарапшылар да соған саяды. Алдағы кезеңде жаңа президент таңдалады. Хомейни қайтыс болған немесе денсаулығы нашарлаған жағдайда оның орнына адам іздейтін болады. Ол Хаменеидің ұлы Мүштәбә бола ма, Әли Риза бола ма – әртүрлі нұсқалар қарастырылады. Сондықтан, алдағы кезеңде Иранда саяси басшылықтың біршама толық ауысуына куә болуымыз мүмкін, - деп сөзін аяқтады сарапшы.

Раиси неден көз жұмды

2024 жылдың 19 мамырында Иран президенті ИбраҺим Раиси болған тікұшақ Иран-Әзірбайжан шекарасына жақын Верзеган қаласында апатқа ұшырады. Иранның Қызыл Жарты Ай қоғамы, ізінше әлемдегі барлық БАҚ тікұшақта болған жолаушылардың бәрі, оның ішінде Иран президенті мен елдің сыртқы істер министрі де көз жұмғанын хабарлады.

Ulysmedia.kz тілшісі оқырман назарына Ибраһим Раисидің өмірбаянынан қысқаша шолу жариялаған еді.