АҚШ-тағы президент сайлауы: атылған құлақ жеңіс кепілі ме

Ulysmedia

5 қарашада АҚШ-та президент сайлауы өтеді. Елдің 46-шы президенті Джо Байден Ақ үйдің  47-ші басшысы бола ала ма, әлде оның қарсыласы Дональд Трамптың бәсі басым түсе ме? Сайлау додасы кезінде неге оқ атылды? Ulysmedia.kz осы сауалдарға жауап іздеді.

Коллаж: Ulysmedia.kz

ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕЛЕЙТІН ОҚ ПА?

13 шілдеде Трамптың митингіндегі атыс бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Президенттікке үміткерге жасалған қастандықтан кейін жұрттың көкейінде көп сұрақ туды, мәселен, бұл әдейі ұйымдастырылған «қойылым» емес пе?

Бірақ қазір әңгіме бұл туралы емес. Негізгі сұрақ – Байден мен Трамптың бітіспес бәсекесінде кім жеңеді?

Митингтегі атыстан кейін Өкілдер палатасының мүшесі Деррик ван Орден (республикашыл, Висконсин) АҚШ-тың Politico басылымына президент Трамп сайлауда жеңіске жеткенін айтты.  Республикашыл конгрессмендер Дональд Трамп Ақ үйге оралатынына сенімді болды.

Ал Майк Коллинз сияқты өзге де республикашыл конгрессмендер Трампқа қастандық жасалғаны, ату туралы бұйрықты Байден бергені жөнінде долбар таратты. Оларға Байденнің «Трампты нысанаға алу керек» деген сөзі желеу болды. Ал сенатор Майк Ли (Юта штатының республикашылы) Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесшісімен бірлескен мәлімдемесінде Байден прокурорларға «саяси температураны төмендету» әрекеті аясында Трампқа қарсы федералды айыптарды алып тастау жөнінде «дереу бұйрық беруі керек» деді.

Байденнің сайлануы туралы сауалдардан кейін демократтар Ақ үйді ұстап қалу мүмкіндігіне күмәндана бастады, ал Сенаттағы көпшілік орынды сақтау қазірдің өзінде қиын міндет болып тұр. Трамптың митингісінде атылған оқ республикашылдардың федералды үкіметті – президенттікті және Конгресстің екі палатасын толық бақылауға алуға деген үмітін күшейтті.

НЫСАНАДАҒЫ АДАМ

Бірнеше күн бұрын АҚШ президенті Джо Байден Дональд Трампқа оқ атылғаннан кейін алғаш рет сұхбат берді. Ақ үй басшысы NBC телеарнасының журналистеріне Трампты әлі де америкалық демократияға қауіп төндіреді деп санайтынын айтты, бірақ оны «нысанаға алу» қажеттігі туралы айтқан сөздеріне өкінетінін жеткізді.

Сайлау науқанының донорларымен келіссөздер кезінде Байден: «Менің бір ғана міндетім бар – Дональд Трампты жеңу. Мен ел президенті болуға ең жақсы үміткер екеніме сенімдімін. Сондықтан пікірталас туралы сөйлесуді тоқтататын кез келді. Трампты нысанаға алатын уақыт келді (ол ағылшынша bullseye сөзін қолданды)» деген болатын. Байденнің Республикалық партиядағы кейбір қарсыластары бұл сөз президенттікке үміткерге қастандық жасауға түрткі болуы мүмкін деп есептейді.

  –  Бұл сөзді қолдануым қате болды, – деді президент.

– Мен қару кезеу керек деген жоқпын, «нысанаға алу» қажеттігін айттым. Оның не істеп жүргеніне мән беру керек.  Бағдарламасын қарап, пікірталастар кезінде айтқан қтірік мәлімдемелеріне ден қою қажет.

Ал жуырда ғана АҚШ президенті Джо Байден миллиардер Илон Маск пен оның «бай достарынан» шаршағанын мәлімдеген. Ақ үй басшысы Х әлеуметтік желісінде хабарлама жариялады.

«Мен сайлауды сатып алуға тырысатын Илон Маск пен оның бай достарынан шаршадым», – деп жазды Байден.

Бұған дейін бірнеше шетелдік БАҚ Илон Маск Дональд Трамптың науқанына демеуші болуға шешім қабылдағанын жазды. Кәсіпкер ай сайын оған 45 миллион доллар беретін көрінеді. Бірақ бұған дейін Маск Байденнің де, Трамптың да науқандарын қаржыландыруды қарастырмайтынын айтқан.

«ІШІРТКІ ІШІП АЛСЫН»

Байденнің кейбір серіктестері Трамппен болған сәтсіз пікірталастардан кейін Ақ үй басшысының ақыл-есі дұрыстығына күмән келтіріп жүр. Пікірталас барысында АҚШ басшысы шаршап-шалдығып, жиі есінен танып, қарсыласының көп сөзін жоққа шығара алмай әбден састы.

Дода алдында Трамп Байденді 90 минуттық пікірталасқа төтеп беру үшін «ішірткі ішіп» алуы керек деп келемеждеді, Ақ үй басшысының жасы келгенін, адуынды пікірталасқа төтеп бере алмайтындығын меңзеді.

28 маусымға қараған түні АҚШ-та алғашқы сайлауалды телекөпір өтті, оның алдында Байден мен Трамп қол алысудан бас тартты. 81 жастағы Байден мен 78 жастағы Трамп диалог үлгісінде бір-бірін балағаттай бастады: – Ақымақсың! – Өзің ақымақ!

Украинадағы Ресейдің агрессиясына қатысты ұстанымдары туралы өзара айыптаулардан басқа, Байден республикашылдардың билігінен кейін өз әкімшілігі ел экономикасындағы жағдайды түзеуге мәжбүр болғаны үшін Трампты айыптады.

«Ол елді астан-кестен етіп кетті, біз жағдайды түзеттік», – деді Байден.

Өз кезегінде Трапм америкалықтар бұрын-соңды дәл оның билігі тұсындағыдай жақсы өмір сүрмегенін айтты. Ол экономиканың, әсіресе Байден мақтан тұтатын еңбек нарығының өсуіне әлі көп күш салу керегін мәлімдеді.

Басқа тақырыптар да қозғалды және CNN әлеуметтік сауалнамаларына сәйкес, телешоудың нәтижелері бойынша көрермендердің 67%-ы Трампты, 33%-ы Байденді қолдады. Кейінірек сайлаушылардың демократиялық бөлігінің мүдделерін білдіретін басылым «Біткен жеріміз осы» (We are fucked) атты мақала шығарды.

ҚОЛАЙЛЫ САЯСИ АЙЛА

Пікірталастағы жеңілістен кейін Байден донорлардан оны қолдауды сұрады. Ол қайта сайлану үшін күресті тоқтатпауға уәде берді және жеңе алатынына толық сенгендіктен сайлауға түскенін айтты. Сонымен қатар, бұған дейін АҚШ президенті дәрігерлер оның денсаулығынан қандай да бір кінәрат анықтаса, додадан шығуы мүмкін екенін айтқан болатын.

–  Егер менде қандай да бір ауру болса, егер біреу-міреу, дәрігерлер келіп, сізде осындай проблема бар деп айтса, – деп атап өтті АҚШ көшбасшысы.

Сондай-ақ, бірнеше күн бұрын Ақ үй Джо Байденнің коронавирус жұқтырғанын растады. Олар президенттің вакцинацияланғанын және аурудың жеңіл түрде өтіп жатқанын атап өтті. Ол Делавэрдегі резиденцияда оқшаулана тұрады, бірақ мемлекет басшысының міндеттерін атқара беретіні айтылды.

Бұл – қарсыласына деген жеккөрушілігіне қарамастан Байден үшін абыройын сақтап қалуға мүмкіндік беретін қолайлы саяси айла. Ауруына байланысты сайлау науқанынан шыққанын жарияласа болар еді, ал оның орнын кандидаттардың бірі басар еді. Уақыт аз қалғаны рас, бірақ үгіт-насихат пен жарнамалық машинаның үлкен мүмкіндіктерін ескерсек, кез келген үміткердің танымалдығын арттыруға болады. Мысалы, Камала Харрис тамаша кандидат бола алады.

ТРАМПИЗМНІҢ МӘНІ ҚАНДАЙ?

Бір қызығы, Дональд Трамп президент болғаннан кейін саяси лексикада трампизм термині пайда болды. Трампизмге нақты анықтамасын беру қиын – мұны әлемнің көптеген елдерінде 2010 жылдардың аяғынан 2020 жылдардың басына дейін байқалған ультраоңшылдардың, сондай-ақ ұлттық популистік және нео-ұлтшылдық сезімдердің америкалық саяси нұсқасы деп атайды.

Кейбір комментаторлар трампизмнің популистік анықтамасын жоққа шығарады және оны фашизмнің жаңа түріне бейімділіктің бөлігі ретінде қарастырады, кейбіреулері оны фашистік, ал басқалары авторитарлық және либералды емес деп атайды. Енді біреулер оны АҚШ-тағы фашизмнің жеңіл нұсқасы деп санайды.

Бұл құбылыстың қарсыласы – АҚШ-тың 46-шы президенті Джо Байден, ол идеологиялық тұрғыдан орта және жұмысшы табының мүддесін көздейтін солшыл ретінде белгілі.

– Ақ нәсілділердің үстемдік идеологиясы – у. Біз Америкада мұндай идеологияға орын жоқ екенін мүмкіндігінше анық және батыл түрде айтуымыз керек, - дейді Байден.

АҚШ ЭКОНОМИКАСЫН НЕ КҮТІП ТҰР?

Қазір президенттік сайлауда жеңіске жеткен жағдайда Дональд Трамп қандай экономикалық саясат жүргізетіні туралы болжамдар жасалуда. Негізгі долбардың бірі – барлық импортталатын тауарларға жаңа 10 пайыздық баж салығын енгізу. Трамптың айтуынша, Қытай және басқа елдер жылдар бойы АҚШ-ты «тонап» келді, енді олар төлеуі тиіс.

Сондай-ақ, миллиардер Байден енгізген әлеуметтік шығындарды, ең алдымен, АҚШ әскери бюджеттен де көп шығын әкелетін мемлекеттік медициналық бағдарламалардың қаражатын қысқартқысы келеді, сонымен қатар ол мемлекеттік сақтандыру алушыларының санын және бөлінген қаржыландыру көлемін қайта қарастыруы мүмкін.

Байден өзінің сайлауалды бағдарламасында әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру және байларды көбірек төлеуге мәжбүрлеу үшін салықты көбейтуге ниетті екенін айтады. Трамптың мақсаты бұған мүлде кереғар: бүкіл экономиканы сауықтыру үшін байларға салынатын салықты азайту.

ТРАМПТЫҢ КЛОНЫ

Бір апта бұрын Дональд Трамп вице-президенттікке кандидатты таңдағанын мәлімдеді. Ол – бастапқыда басты фаворит болып саналмаған сенатор Джей Ди Вэнс. Сарапшылар ұстанымы Трамп мырзаның көзқарасына 100% сәйкес келетін 39 жастағы саясаткер президенттік науқанға қандай жаңалық әкелуі мүмкін деп бас қатырды. Мүмкін, бұл шешім республикашылдар көшбасшысының толық сенім артуға болатын ең адал кандидатты таңдауға деген ұмтылысынан туындаған шығар.

«Ауыл элегиясы» атты өмірбаяндық кітабында Вэнс америкалық арманның шынайы бейнесі ретінде көрінеді: өте кедей отбасынан шыққан бала қиындықтарды жеңіп, Кремний алқабында өте сәтті бизнес құрған.

Серіктесі секілді Джей Ди Вэнс те Украинаға көрсетіліп жатқан есепсіз көмекке қарсы, қатаң көші-қон саясатын қолдайды, Мексикамен шекарада қабырға салуды жақтайды, «кейбір ақылды шешімдері» Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанға таңдай қаға қарайды.

Айтпақшы, Венгрия премьері жөнінде бірер сөз. Виктор Орбанға сілтеме жасай отырып, Financial Times газетінің хабарлауынша, АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп мемлекет басшысы қызметіне қайта сайланған жағдайда Украинаны Ресеймен келіссөздер жүргізуге мәжбүрлеуді жоспарлап отыр. Мұндағы кілт сөз – мәжбүрлеу, дәл 2008 жылы Ресей Грузияны бейбітшілікке «мәжбүрлеген» секілді.

Бір қызығы, бірнеше жыл бұрын вице-президенттікке үміткер Трампты «американдық Гитлер» деп атаған. Сондықтан Вэнс мырзаның кандидатурасы жарияланғаннан кейін  #America’sHitler хештегі Х желісіндегі ең танымал трендке айналды.

CNN телеарнасы Трамп мырза мұндай таңдау жасау арқылы әлі екіойлы болып жүрген сайлаушыларға сигнал жіберіп отыр: оның бағдарламасында ешқандай ауыс-түйіс болмайды.

  – Бұл – Трамптың даулы мәселелердегі клоны. Мен ешқандай айырмашылықты көріп тұрған жоқпын, - деді Джо Байден бәсекелесінің шешімі жөнінде.

ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТТЕР

АҚШ-тағы вице-президенттер моделінің бәсін төмендетудің қажеті жоқ. Бұл – АҚШ федералды үкіметінің атқарушы филиалы жүйесіндегі президенттен кейінгі екінші маңызды шенеунік.

Вице-президенттің көп өкілеттігі жоқ, оның негізгі конституциялық функциясы – АҚШ президенті қайтыс болған, отставкаға кеткен немесе қызметінен түсіп қалған жағдайда оның орнын басады. Сонымен қатар, вице-президент Сенаттың ресми басшысы.

14 вице-президент кейіннен Ақ үй басшысы болды. Олардың үшеуі – Адамс, Ван Бурен және үлкен Буш вице-президенттігі аяқталғаннан кейін бірден президенттікке сайланды, ал тағы бірі – Никсон 8 жылдан кейін мемлекет тізгінін қолға алды. Тоғызы президенттің отставкаға кетуі немесе қайтыс болуы нәтижесінде президент болды. Сондықтан 4 жылдан кейін Вэнс Ақ үй төрінде жарқырап отырмасына кім кепіл?

ӨЗГЕ ҮМІТКЕРЛЕР

Джо Байденнің алғашқы телекөпірдегі сәтсіз баяндамасынан кейін Демпартияда президенттікке басқа кандидатты таңдау туралы үндеулер барған сайын күшейе түсті. Оның орнын кім алмастыруы мүмкін?

Партияның серіктестері, баспасөз, саяси технологтар Байденді президенттік сайлаудан бас тартуға және басқа кандидатқа жол беруге үгіттеп жатыр. CNN және The New York Times хабарлағандай, 81 жастағы президенттің партияластары арасындағы мұндай пікірталастар дәл тікелей эфир кезінде басталды.

Ресми түрде демократтар 19-22 тамыз аралығында Чикагода өтетін партиялық съезде президенттікке кандидат ұсынуы керек. Америкалық БАҚ пен сарапшылар ықтимал үміткерлердің тізімін жасап үлгерді.

КАМАЛА ХАРИС

Қазіргі вице-президент Камала Харрис лауазымына байланысты Байденнің орнына бірінші үміткер. Ықпалды басылымдар The Washington Post және The New York Times-тың жазынша, Демократиялық партия қара нәсілді және жас сайлаушылар арасында өздерінің басымдығын сақтағысы келсе, олар үшін Харристің – бірінші қара нәсілді және бірінші әйел вице-президенттің кандидатурасын елемеу қауіпті болмақ.

Алайда Харристің рейтингтері көңіл көншітпейді. NYT жазуынша, Монмут университеті мен Саффолк университетінің сауалнамалары америкалықтардың 38%-ы Харриске оң көзқараспен қарайтынын көрсетті. Ал Байден сайлаушылардың 41%-ының,Трамп 40%-ының үдесінен шығады.

ГЭВИН НЬЮСОМ

Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом осы науқан кезінде Байденнің басты сенімді адамдарының бірі болды. БАҚ оның кандидатурасының артықшылықтарына үлкен және маңызды штаттағы жұмыс тәжірибесі және Флорида губернаторы Рон ДеСантиспен пікірталас сияқты ұлттық деңгейде сөйлеген сөздерін жатқызады. Bloomberg агенттігі Ньюсомды басқа ықтимал үміткерлер арасында «ең жақсы дайындалған кандидат» деп атады.

Алайда NYT науқан кезінде Ньюсомға Калифорнияның соңғы онжылдықтағы қиындықтарын түсіндіруге тура келетінін алға тартады: баспанасыздық, жоғары салықтар, тұрғын үй шығындарының өсуі штатты тығырыққа тірегені белгілі.

МИШЕЛЬ ОБАМА

«Демократтар үшін барлық қырынан таптырмас нұсқа». The Washington Post газеті Мишель Обама жайлы осылай жазды.

YouGov сауалнамасына сәйкес, ол елдің ең танымал бұрынғы бірінші ханымы және оның рейтингтері үнемі жоғары. Алайды ол президенттікке үміткер болуға ұмтылмайды.

– Бұл – шын мәнінде төтенше жағдай кезінде әйнекті сындыруға мүмкіндік беретін нұсқа. Және де бұл сынбайтын әйнек сияқты, – деп қайырды WP.

Бұған дейін Reuters және Ipsos жүргізген сауалнамадан кейін өзге ықтимал кандидаттар арасында АҚШ-тың экс-президенті Барак Обаманың әйелі ғана қарашадағы сайлауда Дональд Трампқа шаң қаптыра алатын жалғыз адам екені белгілі болды.

Алайда, Мишель Обама бұрын-соңды сайлауға түсіп көрмеген және президенттік додаға қатысуға ниет білдірген емес.

Президенттікке үміткер болу үшін ол алдымен өзі ниет білдіріп, содан кейін партиялардың бірінде праймеризде жеңіске жетіп, соңында президенттік сайлауда жеңіске жетуі керек. Саяси тәжірибесінің жоқтығын және сайлаушылардың қазіргі саяси қалауын ескерсек, Мишель Обаманың сайлауға түсуіне қатысты долбарлардың ақиқатқа айналуы екіталай.

АТАҚТЫ ӘУЛЕТТІҢ ҰРПАҒЫ

АҚШ президенттігіне негізгі үміткерлерден басқа, елдегі ең жоғары лауазымға ұмтылысын жариялаған тағы бір адам бар. Ол – 60 жыл бұрын өлтірілген АҚШ президенті Джон Кеннедидің немере інісі, президенттікке тәуелсіз кандидат кіші Роберт Ф.Кеннеди. Google негізін қалаушы Сергей Бриннің бұрынғы әйелі Николь Шенахан вице-президенттікке үміткер ретінде онымен жұптасып додаға түспек.

Кеннеди алдымен демократтар атынан үміткер болу үшін президент Джо Байденмен күресуге тырысты, бірақ өткен жылдың қазан айында райынан қайтып, тәуелсіз кандидат ретінде сайлауға түсетінін мәлімдеді.

Демократиялық партияның басшылығы Кеннедидің әрекеттеріне алаңдаулы: демократтар Джо Байденге берілуі тиіс дауыстардың көбін тәуелсіз үміткер тартып алуы мүмкін деп есептейді. Десе де, YouGov компаниясының соңғы сауалнамасының нәтижелері бойынша Кеннеди әулетінен шыққан кандидатқа америкалықтардың небары бір пайызы ғана дауыс беруге дайын.

АТЫЛҒАН ҚҰЛАҚ – ЖЕҢІСКЕ КЕПІЛ ЕМЕС

  – Біреу Трампты жек көреді, Біреу Байденді ұнатпайды, – дейді Ресей басшысы Владимир Путиннің бұрынғы спичрайтері, қазір иноагент деп танылған Аббас Галлямов.

Оның айтуынша, Трамптың рейтингі біраз уақытқа дейін өсе береді, өйткені съездердің қорытындысы бойынша кандидаттардың рейтингі үнеміөсіп отырады. Америкалықтарда тіпті «convention bump» деген арнайы термин бар.

«Қалай болғанда да, Трампқа шабуылдан кейін бірден жазғанымдай, өзге комментаторлар сияқты мен атылған құлақ Трамптың жеңісіне кепілдік береді деп ойламаймын», – деп атап өтті Галлямов.

Ол оқиғаның маңыздылығын асыра бағалаудың қажеті жоқ деп санайды. Сайлауға дейін әлі 3,5 ай бар, демек, қазіргі жағдайда зардап шеккен кандидатқа деген табиғи эмпатия эмоциялары, сондай-ақ оның көрсеткен төзімділігіне тамсанулар мен жауларының іс-әрекетіне наразылық міндетті түрде басылады.

БОЛЖАМ ЖАСАУ МҮМКІН БЕ?

Сондықтан АҚШ халқы 5 қарашада кімді президент тағына отырғызарын болжау мүмкін емес. Трамп пен Хиллари Клинтонның бұл лауазым үшін қалай ақ тер-көк тер болып күрескенін ұмытқан жоқпыз, жұрт Клинтон жеңетініне сенімді болды, бірақ соңғы сәтте Трамп оны шаң қаптырды.

Байден мен Трамптың пікірталастарынан кейін АҚШ-тың қазіргі президенті додаға қатысудан бас тартады деп бәс тігушілер көбейді. Polymarket мұндай ықтималдылықты 60%-ға бағалайды, ал Байденнің додадан шет қалатыны жайлы ставкалардың ағымдағы көлемі шамамен 10 млн доллар. Опциондар 4 қарашада жабылады.

Бір қызығы, егер Дональд Трамп Ақ үйге қайта жайғасса, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылған алғашқы АҚШ президенті болады. Трамп мырза өзіне рақымшылық жариялай алмайды, себебі федералды айыптар бойынша емес, штаттың айыптауы бойынша сотталды. Сонымен, қызықтың көкесі әлі алда…