Қазақстандағы медиамагнаттар: ақпарат нарығында кім би, кім қожа?

Ілияс Бақыт

Осы күнге дейін Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келген бай-бағландар медиабизнестен кете бастады. Елдің ақпарат нарығындағы ірі ойыншылардың бірі – Болат Өтемұратов та өзіне тиесілі «31» медиахолдингін сатып жібергені белгілі болды. Осы оқиға Қазақстанда БАҚ-қа қатысы бар ірі бизнес өкілдерін тағы да бір түгендеп шығуға түрткі болды.

Коллаж Ulysmedia.kz

«31»-ДІҢ ТІЗГІНІ КІМГЕ ТИДІ?

Құрамына «31 арна» мен informburo.kz сайты кіретін «31» медиахолдингі бұдан былай кәсіпкер Болат Өтемұратовтың емес, «Әділдік және өркендеу» қорының меншігі.

Ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, компания 25 қыркүйекте қайта тіркеуден өткен. 2022 жылы құрылған қордың құрылтайшысы – әр жылдары «31 арна», «Алматы» мен «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясын басқарған Нұржан Мұхамеджанова мен Гүлжан Марқабаева деп көрсетілген. Қор соңғы үш жылда 64 млн теңге салық төлеген.

Қордың бас директоры – журналист Дана Рысмұхамедова. Ол 2013 жылдары бұрынғы «Нұр Отан» партиясының(қазіргі Amanat) ақпараттық комитететінің басшысы қызметін атқарған.

 «Қоғамдық Қор елдің барлық өңірінен жиналған белсенді азаматтардың бастамасымен құрылды. Біздің арамызда – өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмыскерлері, фермерлер, кеншілер, құтқарушылар, дәрігерлер, мұғалімдер мен журналистер, түрлі ҮЕҰ өкілдері бар. Біз өз күшімізді, жинаған тәжірибеміз бен мүмкіндіктерімізді әрбір отандасымыздың Әділетті Қазақстанды шынайы сезінуіне жұмсағымыз келеді», – делінген ұйым сайтында.

Өтемұратовтың медиа нарықтан кетуін оқырман сан-сақа жүгіртті. Олигархты медиа саласынан шеттетіп жатыр деген пікір басым. Бизнес тұрғысынан Өтемұртовқа телеарнаны ұстап тұру тиімді ме? Ол лайықты табыс көзі ме? Егер де саяси амбициясы болмаса, осы факторлар да ескерілуі керек шығар. Ашық дереккөздерде «31 арна» соңғы 9 жылда қазынаға 2 млрд, 300  млн теңге салық төлегені көрініп тұр. Орта есеппен жыл сайын 200  млн теңге. Ең көп салық былтыр – 411 млн теңге аударған.

Мемлекеттік сатып алуға келсек, 2020-2022 жылдар аралығында 1 млрд теңгеге келісім-шарт жасалған. Ең төмен сома 2022 жыл, 51  млн теңге. 2023-2024 жж мемлекеттік сатып алуға қатысы көрсетілмеген.

 Егер, соңғы екі жылда тендерден бір тиын да алмаса, жарнама қаражатына «күн көру» қаншалықты қисынды. Шығынды «Верный капитал» өз қалтасынан шығарды ма, ол жағы беймәлім.

Телеарна тарихына тоқталсақ. 1992 жылы негізін белгілі медиаменеджер Арманжан Байтасов қалаған «31 арна» 1993 жылдан бері хабар таратып келеді. Жұмысы дөңгелеп тұрған ақпарат құралы 2000 жылдардың басында қаржылық қиындықтарға тап болып, Байтасов арна акцияларын Болат Өтемұратовқа сатқан.

Күні кешеге дейін «31» медиахолдингі Болат Өтемұратовтың активтерін басқаратын «Верный Капитал» компаниялар тобының меншігінде болды. Forbes бағалауы бойынша 2,7 млрд доллар капиталға иелік ететін Өтемұратов  Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлер тізімінде 6-орында тұр. Оған ForteBank акцияларының 83,41%-ы тиесілі. Ал 7,5%-ы ұлы Алидар Өтемұратовтың қолында.

МАШКЕВИЧ МЕДИАНАРЫҚТАН НЕГЕ КЕТТІ

Өткен жылы Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендер тізімінде 6-орынға жайғасқан Александр Машкевич те ел медианарығында белгілі есімдердің бірі. 2022 жылы жабылған атышулы «Экспресс-К» басылымы, отандық көрерменге «өтімді» веб-сериалдар ұсынған Salem Social Media компаниясы (қазір Sәlem Entertainment) Машкевич пен оның екі серіктесі (Шодиев пен Ибрагимов) иелік ететін ERG компаниялар тобына тиесілі болғаны белгілі. 2 жыл бұрын «Экспресс-К»-ның жабылуына байланысты пікір білдірген олигарх ERG медиа-ресустардан бас тартуды жөн көргенін мәлімдеді.

«Әркім өз ісімен айналысуы керек. Біз – тау-кен өндірісімен айналысатын компаниямыз. Медиа, холдинг – өз алдына бөлек бизнес», - деді Машкевич.

Олигархтың осы сөзінен кейін Salem Social Media «Қазақтелекомның» иелігіне өтеді деген ақпарат тарады. Алайда тараптардың мәмілесі жайлы ресми мәлімет жарияланған жоқ. Тек, веб-сериалдар фабрикасы бұрынғы атаумен және ескі модельмен жұмыс істеуін тоқтатып, биылғы наурыздан бастап Sәlem Entertainment деп аталатыны хабарланды.

ERG Salem-ге қанша қаржы құйылғанын ешқашан ашық жариялаған емес. Бірақ бейресми деректерге сүйенсек, алпауыт компания медиаконтент өндірушіге кемі 100 миллион доллар инвестиция салған. Salem-нің бір ғана 2022 жылы төлеген зейнетақы жарнасының көлемі – 75,7 миллион теңге, яғни бір жылдық еңбекақы төлеу қоры 757 миллион теңге болды деген сөз.

ERG кімдерге тиесілі және компания немен айналысатынын бұдан бұрын да жазған болатынбыз.

НАЗАРБАЕВАНЫҢ ИЕЛІНІГДЕ НЕ ҚАЛДЫ?

Бір кездері Қазақстандағы мемлекеттік және жекеменшік телеарналардың барлығын дерлік уысында ұстаған Дариға Назарбаеваның медиа-империясы әлдеқашан құлағанымен, экс-президенттің үлкен қызы медианарықтан түбегейлі кеткен жоқ. 32 жасында «Хабар» арнасын құрып, Қазақстанның ақпарат нарығын жаулауға кіріскен Назарбаева 20 жылға жуық уақыт бойы талай телеарнаны тырп еткізбей ұстағаны мәлім.

Еліміздегі ең бай бизнесмендер тізімінде 15-орында тұрған Дариға Назарбаева қазір «Европа плюс Қазақстан» ЖШС және «Независимый Телевизионный Канал» ЖШС-ке (НТК телеарнасы) иелік етеді. Сондай-ақ, «DLS Group холдингтік компаниясы» ЖШС арқылы «Регион-Медиа» ЖШС-де үлесі бар.

Елімізде 1997 жылдан бері жұмыс істей бастаған «Европа плюс Қазақстан» радиосы осыдан бірер жыл бұрын жаңалықтар жүргізушісі Любовь Панованың даулы сөзінен кейін сынның астында қалған. Панова әлеуметтік желілерде Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптағандарға қарсы пікірлер жазып, «Вова ағайды» көмекке шақыратынын айтқан. Радио басшылығы қызметкерінің  желідегі жазбасы ақпарат құралының саясатын білдірмейтінін алға тартты. Ал жүргізушінің өзі «Ұлтаралық араздықты қоздыру» бабы бойынша жауапқа тартылды.

Ойын-сауық бағытындағы контент ұсынатын НТК телеарнасы да 1997 жылы құрылған. 2001-2002 жылдары «А1» деп аталды. Арнаның бас директоры – Саида Игенбек.

Дариға Назарбаева

Zakon.kz ақпарат агенттігінің иелері - Анна мен Сергей Киселевтер Дариға Назарбаеваның серіктестері. Сергей Киселев 2007 жылдан бастап "Евразия+ОРТ" арнасының басшысы болған. Дариға Нұрсұлтанқызы 2007-2009 жылдары "Телевизиялық жаңалықтар агенттігі" ЖШС арқылы аталған телеарнаның тең иесі болған. Қазір Киселев пен Назарбаева – "Асар-Береке" қоғамдық қорының тең құрылтайшылары.

«Коммерческий телевизионный канал» акционерлік қоғамы, яғни, КТК телеарнасына да Дариға Назарбаеваның қатысы бары айтылады. Телеарнаның акционерлері: "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Қоры" - 83,34% және "Медиа-инвест" ЖШС 11,20% . Арна 1991 жылдан бері хабар таратады. Қазір бас директоры Эльмира Джамилова деп көрсетілген.

Дариға Назарбаева 2011 жылға дейін Caravan.kz  сайтының иесі болды. Қазір ақпарат ресурсы - "Нұрсұлтан Назарбаев Қорына" қарайды.

БИЗНЕС АРНА КІМДІКІ

Media HOLDING "Atameken BUSINESS" ЖШС 2015 жылы құрылған. Директоры Қанат Сахария.

Медиа холдингтің құрамына: "ATAMEKEN BUSINESS" іскерлік коммерциялық телеарнасы және  "Inbusiness.kz" ақпарат агенттігі кіреді.

Холдинг Тимур Құлыбаев «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы болған тұста құрылған. Сондықтан, бұл медианы Құлыбаевтың есімімен байланыстырады.

Ресми дереккөзде құрылтайшылары ретінде екі заңды тұлға көрсетілген. Ол жылжымайтын мүлікті жалға алумен айналысатын Almaty Zhas Product ЖШС. Жетекшісі - Камила Құрманова.

Екінші құрылтайшы - «Нарықты мониторингілеу және сараптау орталығы» ЖШС. Компания 2013 жылы тіркелген. Жетекшісі - Айбек Ерғожаев.

"ATAMEKEN BUSINESS" елдегі кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға және азаматтарды қаржылық еркіндікке ынталандыруға бағытталған қазақстандық іскерлік БАҚ екені көрсетілген.  Сарапшылардың, медиааналитиктердің бірегей медиа кеңістігі екені аталған.

МЕДИА БИЗНЕСКЕ ДЕ АУЫЗ САЛҒАН «ПЕРЕСЕЛЕНДЕР»

2022 жылы Қазақстан азаматтығын алған бизнесмен Тимур Турлов қысқа мерзім ішінде медиа нарықта бірнеше БАҚ-ты иеленіп үлгерді.

«Ақпаратты билеген әлемді билейді» деген сөз бекер айтылмаса керек. Бір жылда байлығын 200 млн долларға ұлғайтып, бүгінде 3,3 млрд доллар капиталға иелік ететін бизнесмен Тимур Турловтың да Қазақстанның ақпарат нарығына бас сұғуы тегін емес. 2022 жылы ол өзіне бағынышты компаниялар арқылы «ЭРА» телекомпаниясы» ЖШС-ті сатып алды.

«ЭРА» телекомпаниясы» ЖШС – «7 арнаның» құрылтайшысы. Арна о баста «Эра ТВ» деп аталғаны көзі қарақты көрерменнің есінде болар. 2009 жылдан бері хабар таратып келе жатқан ақпарат құралы 2016 жылы бағытын өзгертіп, бірыңғай танымдық, ойын-сауықтық контент ұсынуға көшті.

Сондай-ақ, «Курсив» басылымына иелік ететін Alteco Partners ЖШС-ті де Турловтың адамдары сатып алғаны құпия болудан қалған.

Бұдан бөлек Турлов QALAM — әлем тарихы мен мәдениетіне Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің көзімен қарайтын мультимедиялық жоба ашты.

Қазақтың тарихын түгендеуге кіріскен жобаны дамытуға ресейліктер атсалысып жатқанға ұқсайды. Мәселен, ресми сайтта жоба кеңесшісі Николай Усков екені көрсетілген.

Ол 2000 жылдан бері медиа бизнес саласында, Men’s Health, Conde Nast баспасының журналы GQ (Gentlemen’s Quarterly) және «Сноб» журналдарын басқарды. 2016-2018 жылдары Forbes ресейлік басылымының бас редакторы. 2018 жылдың тамыз айынан бастап Forbes Ресейдің редакторлық директоры, Forbes Ресей директорлар кеңесінің мүшесі.  Тимур және оның командасы ресейліктер екені әлімсақтан айтылады. Бизнестің барлық саласына белсене кірісіп, көп құрылымдарды меншігіне алып жатқан Турловтың тарихи жобалары жергілікті халықтың көңілін аулаудың амалы ма, әлде, басқа да біз біле бермейтін бақай есеп бар ма… Белгісіз. 

Турловтың тағы бір медиа жобасы – Tatler журналы.

Tatler Asia кәсіпкер Тимур Турловқа эксклюзивті лицензия берді. Оның аясында Tatler Kazakhstan, Tatler Türkiye, Tatler Azerbaijan және Tatler Uzbekistan журналдары шығарылады, оларды Turlov private Holding Ltd компаниясы басқарады.

Tatler Kazakhstan-ның бірінші нөмірі 2024 жылдың желтоқсанында сатылымға шықпақ. Жылына журналдың он нөмірін басу жоспарланған. Tatler Kazakhstan сайты да қазақ және орыс тілдерінде осы мезетте ашылады делінген.

Tatler (tattler ағылшын тілінен аударғанда — "сөзшең" дегенді білдіреді) - 1901 жылдан шығатын британдық сән және бомонд журналы.

Тимур Турлов – АҚШ-та тіркелген Freedom Holding Corp (frhc) қаржы-инвестициялық тобының негізін қалаушы және мажоритарлық иесі (70,3%). Қазақстанда топ құрылымына «Фридом Финанс» АҚ, Freedom Bank, «Freedom Finance Insurance Сақтандыру компаниясы» АҚ, Arbuz.kz онлай-супермаркеті, Aviata.kz агрегаторы және тағы бірнеше компания кіреді.

«ТӘҢІРІ ЖАҢАЛЫҚТАРЫНЫҢ» ТАРИХЫ...

Медиабизнестегі олигархтар туралы сөз болғанда Александр Клебановты да айтпай кетуге болмас. Иә, Екібастұзды қақаған аязда жылусыз қалдырып, қарғыстың астында қалған бизнесмен туралы айтып отырмыз. Tengrinews.kz, Vesti.kz, Massaget.kz ақпараттық порталдарына иелік ететін Effective Media Liaison ЖШС бір кездері Клебановқа тиесілі болғанын біреу білсе, біреу білмес. Клебанов 2015 жылға дейін сол компанияның құрылтайшыларының бірі саналды.

Қазір аталған ақпарат құралдары – Alash Media Group холдингінің меншігі. Ашық дереккөздерге сүйенсек, Александр Клебанов 2008-2012 жылдары осы холдинг иелерінің бірі болды.

Холдинг іс жүзінде Кәрім Мәсімовке тиесілі болғаны айтылады. Әлбетте Мәсімовтің ықпалы оған қарасты БАҚ-тың қарыштап дамуына әсер етпей қойған жоқ.

Кәрім Мәсімов

Alash Media Group –құрамыда Tengrinews.kz, Vesti.kz, Massaget.kz ақпараттық порталдарынан бөлек, «Жұлдыз FM», «Ретро FM Қазақстан» радиостанциялары бар.

2022 жылға дейін холдингтің басшысы және құрылтайшысы белгілі медиаменеджер Батыр Қазыбаев болды. Қазіргі уақытта «Алаш Медиа групп»-тың үш құрылтайшысы бар:

Зәуре Қазыбаева – Tengrinews негізін қалаушы, белгілі журналист — Қазіргі марқұм батыр Қазыбаевтың жұбайы,

Дәурен Қайсаров (Астана әкімдігі жанындағы "Қалалық шешімдер бюросы" ақпараттық-талдау орталығының директоры) "Sana" contemporary communications Laboratory LTD

Динара Темірова - 2017 жылғы жағдай бойынша  Green Power Generation АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі (Динара мен Тимур Құлыбаевтың активі).

КASPI ҚЫЗМЕТКЕРІ ҚАЙ МЕДИАДА ҚҰРЫЛТАЙШЫ

Әңгіме «Айран медиа» жайында. AIRAN өздерін публицистикалық және білім беру мақсатында видеоконтент шығаруға арналған редакция деп таныстырады.

«Біздің мақсатымыз - мүмкіндігінше еркін, объективті және жауапты болу. Міндетіміз – цензурасыз, өткір, бірақ сонымен бірге тексерілген және салмақты контентке деген қоғам сұранысын қанағаттандыру. Біз саяси қитұрқы ойындар, кәсіпкерлер арасындағы жанжалдар мен элитааралық қырқыстар туралы емес, адамдар мен олардың тауқыметтері туралы айтатын боламыз», деп жазылған ресурстың редакция қызметі туралы бөлімінде.

2022 жыл тіркелген «АЙРАН МЕДИА» ЖШС-нің екі құрылтайшысы бар. Ашық дереккөздерде диджитал медианың жетекшісі әрі құрылтайшысы Дәурен Меркеев екені көрсетілген. Меркеев еңбек жолын «Хабар агенттігінде» бастаған. Кейін ұзақ жылдар КТК телеарнасында жұмыс істеген. Ол жерде арна директорының орынбасары қызметіне дейін өскен.

Екінші құрылтайшы - Маржан Елшібаева. Елшібаева Қазақстанның медиа саласында 20 жылға жуық жұмыс істейді. Еңбек жолын 1994 жылы КТК телеарнасында журналист болып бастаған. Кейін 31 теларнада еңбек еткен. 2002 жылы "Интерньюс-Қазақстанға" ауысады. 2014-2021 жж Kaspi Банктің атқарушы директоры болады. Қазір аталған банкте Корпоративтік Коммуникациялар бөлімінің басшысы қызметінде.

Жұмыс істеген үш жыл ішінде «АЙРАН МЕДИА» 110 549 921 теңге салық төлеген.

Банк қызметкерінің қол астындағы медианы банкпен байланыстыруға бола ма? Өзіңіз топшылай беріңіз. Айтпақшы, жақында Маржан Елшібаева британ азаматына тұрмысқа шықты.

Kaspi.kz — құрамына «Kaspi Дүкен» ЖШС, «Kaspi Bank» АҚ, «Kaspi Pay» ЖШС және «Kaspi Travel» ЖШС кіреді. 2024 жылғы қыркүйектегі жағдайға сәйкес банк секторындағы активтер мөлшері, кредит көлемі және депозиттік базасы бойынша қаржы құрылымы Қазақстанда екінші орында. Kaspi.kz акционері әрі директорлар кеңесінің төрағасы - Вячеслав Ким.  Ол банктің — 23,22%, Baring Vostok Funds — 27,24 %, Михаил Ломтадзе — 24,42 %, жария инвесторлар — 21,75 % акциясына ие. Kaspi.kz капиталы 13,74 миллиард долларды құрайды.