Зерттеу. Қазақстанда марқұмды ақтық сапарға аттандыруға қанша ақша жұмсалады

Әлихан Асқақ

Елде бақилық болған жанды ақтық сапарға шығарып салу қымбатқа түсіп барады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөз

ӨЛУ ҚЫМБАТ ӨҢІРЛЕР

Finprom-ның жаңа зерттеуі жерлеу рәсімінің күрт қымбаттағанын көрсетеді.

Қазақстанда жерлеу рәсімінің құны 2024 жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша 11,6 пайызға артып, өткен жылы айтарлықтай өсті. Елдің жекелеген аймақтарында жерлеу қызметтерінің құны 90 пайызға өскен. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында салттық қызметтер 87,7 пайызға қымбаттады. Сондай-ақ, келесі өңірлерде де айтарлықтай өсу байқалды:

Жетісу облысы – 33,3 пайызға өсті;
Астана – 30,3 пайызға;
Маңғыстау облысы – 27,9 пайызға;
Қостанай облысы – 25,5 пайызға;
Қарағанды облысы – 25 пайызға;
Абай облысы – 23,2 пайызға.
Ал Жамбыл облысында баға 1,2 пайызға өскен, бұл елдегі ең төменгі көрсеткіш болып тұр. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау және басқа да бірқатар өңірлерде Салттық қызметтердің бағасы өткен жылмен салыстырғанда өзгерген жоқ.

ҚЫЗМЕТ

Бағаның өсуіне қарамастан, Қазақстанда жерлеу рәсімін ұйымдастыру және ілеспе қызмет көрсету көлемі төмендеген. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында ол 2,9 миллиард теңге болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,2 пайызға аз. Көлемнің төмендеу үрдісі көрсеткіштер шыңына жеткен 2022 жылдан бастап байқалады.

Ғұрыптық қызметтерге жерлеу, кремация, оларға дайындық, зираттан орын сатып алу, қабірлер мен кесенелерді ұстау кіреді. Айта кету керек, бұл санатқа діни рәсімдер мен қабірлерді күту кірмейді.

Салттық қызметтерге бағаның өсуі Қазақстанда өлім-жітімнің артуы аясында орын алуда. 2024 жылдың алғашқы жеті айында елде 78 мың адам қайтыс болды – бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2 пайызға көп.

ҚАЙ ӨҢІРДЕ ӨЛІМ-ЖІТІМ КӨП

Қайтыс болғандардың ең көп саны Алматыда тіркелді, онда қаңтар-шілде айларында 7,1 мың адам қайтыс болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,6 пайызға артық. Одан кейін Қарағанды облысы (6,3 мың адам, өсім 1,8 пайызға) және Түркістан облысы (5,9 мың адам) келеді.

ҚАЙ ӨҢІРДЕ ӨЛІМ АЗ

Жеті айдағы өлім коэффициенті 1000 адамға шаққанда 6,64 болды. Ең жоғары көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан (11,65), Шығыс Қазақстан (11,49) және Қостанай (10,16) облыстарында тіркелді. Ең төмен мәндер елордада – 1000 адамға шаққанда 3,88, Шымкентте – 4,04, Маңғыстау облысында – 4,65 байқалады.