22 қазан Қазақстанның сот жүйесі тарихында депутаттардың, ірі бизнесмендердің, жоғары лауазымды тұлғалардың балаларына «бәрі болады» деген «қағиданың» тамырына балта шабылған күн ретінде есте қалады. Алтын табақтан ас жеп өскен бай-бағланның балалары не жасаса да, олардың еркелігін көтеру керек деген түсінік енді түбірімен жойылатын шығар. Өйткені сот Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың кіші ұлы Нұрасыл Болаттың жазасын шартты түрде өтеу туралы үкімін өзгертіп, 1 жыл 5 айға бас бостандығынан айырды.
Осыған дейін тайраңдап келген Тұрлыхановтың ұлына сот неліктен қабақ шытқанын Ulysmedia.kz тілшісі зерттеп көрді.
МЕЙРАМХАНА МЕН БАРЛАРҒА «БІЛЕЗІКПЕН» БАРЫП ЖҮРГЕН
Алматы қаласының №2 Медеу аудандық сотында Қылмыстық-түзету инспекциясының бастамасымен Дәулет Тұрлыхановтың кіші ұлы Нұрасыл Болаттың ісі қаралып, пробациялық бақылау талаптарын бұзуына байланысты жазасын бас бостандығын шектеуден бас бостандығынан айыруға ауыстыруды талап етті.
Медеу аудандық пробация қызметінің мәліметінше, 21 жастағы Нұрасыл Болат бірнеше рет тәртіп бұзған. 11 қазан күні Достық даңғылындағы Elegant Hall мейрамханасында блогер Арай Ысқақованың туған күніне орай кеш өткен. Қонақтардың бірі түсірген бейнежазбадан депутаттың ұлын да анық байқауға болады. Бұл істің сотқа жетуіне себеп болған. Екінші себеп – Нұрасыл Болат 12 қазан күні таңғы сағат 4:15 шамасында Назарбаев көшесі, 275 б мекенжайында орналасқан Queen караоке-барында болған. Бұған электронды бақылау құралындағы (браслет) мәліметтер айғақ бола алады.
Пробациялық бақылау талаптары бойынша шартты түрде сотталған Нұрасыл Болат көңіл көтеретін және алкогольдік ішімдіктер ішетін орындарға баруға, түнгі серуенге шығуға тыйым салады. Сондықтан айыптау тарабы аталған екі бұзушылықты әдейі жасалған деп тануды және депутатың ұлына берілген бас бостандығын шектеу туралы жазаны бас бостандығынан айыру туралы жазаға ауыстыруды сұраған.
ЕШҚАНДАЙ ШЕКТЕУ ЖОҚ!
Қорғаушы жақтың өкілі – Бишімбаев ісі бойынша танымал болып кеткен адвокат Назкен Құсайынованың айтуынша, Нұрасыл Болат тек бір ғана ереже бұзған және оның өзі қасақана болмаған. Алайда сот айыптау тарабының дәлелдеріне иек артты. Н.Болаттың қорғаушысының айтуынша, жігіт Арай Ысқақованың туған күн кешіне барған, алайда алкоголь ішпеген және үйге 21:45-те оралған. Бірақ адвокаттың бұл дәлелдері де сотқа сенімсіз болып көрінді. Сондай-ақ Нұрасыл Болаттың Queen барына электрлі бақылау құралының (білезік) қуаттағышын алу үшін барғаны туралы айтқан сөзі де сенімсіз шықты.
– Мен досымның машинасында қуаттағышымды ұмыт қалдырдым, бірақ оны ешкім әкеп бере алмады. Содан кейін оны алу үшін баруға тура келді, – деді Болат Нұрасыл.
Судья дәлелдерді тыңдап, шешімді 22 қазанда жариялайтынын айтты. Айтпақшы, Нұрасыл Болаттың жазасын өзгертуді қарау жөніндегі отырыс бастапқыда өткен аптада, 18 қазан, жұма күні өтуі тиіс еді, бірақ ол дүйсенбіге ауыстырылды. Нұрасыл Болат абақтыға жабыла ма, әлде бас бостандығынан шартты түрде айыру жазасы қалдырыла ма, бұл сұрақ жауапсыз қалған еді. Тіпті түрлі нұсқалар да айтылды. Ақырында, 22 қазан, сейсенбі күні сот Нұрасыл Болатты колонияға жіберу туралы шешім шығарды.
«Бостандықты шектеу түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айырумен ауыстырып (өтелмеген мерзім - 1 жыл 5 ай 10 күн), орташа қауіпсіздік мекемесіне жіберілсін» делінген сот үкімінде.
АДВОКАТТАРМЕН АЙҚАС
Депутаттың ұлы қашан бұзылып жүр? Ол үшін 2023 жылдың 11 ақпан күні болған мына оқиғаға назар аудару керек. Дәл сол күні Алматыда Нұрасыл Болат адвокаттар отбасы, ерлі-зайыпты Олег Чернов пен Анна Димитриевичті ұрып-соққан. Аннаның айтуынша, Нұрасыл олардың көзінше өз сүйіктісін соққыға жыққан. Ерлі-зайыптылар жәбірленушіні қорғауға тырысып, ара түспек болғанмен, олардың сөзіне Тұрлыхановтың ұлы құлақ та аспаған. Керісінше, бар ашуын адвокаттардан алған. Сөйтсе, Тұрлыхановтың ұлы әскерге шақырылған қатардағы жауынгер болып шықты, ол Алматыда сайран салып жүрмеуі тиіс еді, керісінше, Отарда Отан алдындағы әскери борышын өтеп жататын кезі-тұғын.
ӘКЕСІ ҰЛЫН ЖАҚТАЙДЫ
Бастапқыда «дезертирдің» әкесі Дәулет Тұрлыханов оқиғаға қатысты пікір білдіріп, онда мәселеге объективті қарағаны байқалатын.
– Нұрасыл – кәмелетке толған жігіт, ол өзінің әрекеттеріне өзі жауап береді, – деген еді депутат.
– Кінәлі екені анықталса, ол үшін заң алдында жауап береді! Оқиға орнында болмағандықтан, тергеу және сот жұмыстарына араласпаймын. Оқиғаның қалай өрбігенін көрмедім, сондықтан ешкімнің жағына шыға алмаймын. Әке ретінде айтсам, мұндай жағдайлардың болуы жайсыздық тудырады. Мен ұлымның әрекетін лайықсыз деп санаймын және ол үшін кешірім сұраймын.
Кейін депутаттың сөзі де, өзі де өзгеріп кетті. Тұрлыханов бұл оқиға мәжіліс депутаттығына сайлау алдында өзіне әдейі жасалған арандату әрекеті болуы мүмкін деген нұсқаны айтты. Тап сол кезде Д.Тұрлыханов Аманат партиясы атынан №1 сайлау округы бойынша депутаттыққа кандидат еді.
Ал наурыз айында Динара Сәтжанның Youtube-арнасына берген сұқбатында шулы төбелес туралы былай деді:
– Бұл жерде бір кілтипан бар. Кінәлі басқа емес, Тұрлыхановтың баласы болғандығы. Сондықтан бұл істің айналасында осыншама шу болып жатыр. Егер ол таксистің, не автобус шопырының баласы болғанында, мұндай шу болмас еді.
Қалай болғанда да, 2023 жылдың қазан айында Алматы гарнизонының Әскери соты депутаттың ұлына 1 млн 720 мың теңге айыппұл салды. Сондай-ақ моральдық шығын ретінде 1 млн теңге мен сотта жәбірленушінің өкілі болған азаматтың пайдасына 1,6 млн теңге өндіру туралы шешім шығарды. Жәбірленуші тараптың заңгерлері судьяның бұл үкімімен келіспей, шағым түсіріп, Нұрасыл Болатқа қатысты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.
2024 жылдың 14 мамырында Жоғары сот кассациялық инстанцияда істі қайта қарап, Н.Болатқа қатысты үкімді өзгертті. Депутаттың ұлы екі жыл бас бостандығын шектеу жазасын алды. Сонымен қатар өндірілетін шығын сомасының көлемі де өсті.
РАФИК КІНӘЛІ ЕМЕС…
Алматы қалалық Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастаған іс барысында қорғаушы тарап клиенттің жас екенін алға тартып, соттың жұмсақ болуын өтінген.
– Пробациялық бақылауды бұрын-соңды көрмеген жас жігіт қой, бұл оның психикасына кері әсер етіп жатыр, – дейді Назкен Құсайынова.
– Бұл білезікті үнемі сөндіру, инспекторлармен үнемі байланыста болу – менің қорғауымдағы адам бес ай бойы Медеу ауданының пробация қызметінің үлкен қысымында болды. Бұл Болат Нұрасылға деген адам төзгісіз қысым болып шықты. Мен түрмеге отырғызу оны түзетпейді деп ойламаймын, біз қарапайым адамнан, небәрі 21 жастағы баланы, керісінше, бұзып аламыз.
«Рафик кінәлі емес» деген нұсқаны өз пікірінде Дәулет Тұрлыханов та қолдаған.
«Мен бұл туралы білмеймін» деді ол мәжіліс кулуарында журналистерге берген жауабында.
– Мен бұл іске араласқым келмейді. Ол жас... Мен онымен үнемі сөйлесетінмін. Қандай әке баласын жаман өсіргісі келеді? Әрине, мен бұл туралы ойлаймын. Біз оған қолымыздан келген білім бердік, қолдан келгеннің бәрін істедік. Негізі ол жақсы бала. Бірақ неге осындай жағдайлар болып жатқанын әлі де түсіне алар емеспін. Оның жасы 21-де болса да, оның артынан аңдиды. Егер оның жүйкесі тозатын болса, оған кім жауап береді? Сондықтан менің ұлым өте жақсы және тәрбиелі деп айтқым келеді. Сонда достарымен араласпауы керек пе? Сонда туған күн кешіне бармауы керек пе? Бұл мені қатты алаңдатады. Баланың денсаулығына да бұл әсер етеді.
ТӘРБИЕ БЕРУДЕГІ ОЛҚЫЛЫҚТАР
Депутат Тұрлыханов өскелең ұрпақ тәрбиесінде қателіктер жіберген секілді. Әйтпесе баласының осыншама лаң салуына басқа кім кінәлі болуы мүмкін?
2023 жылдың күзінде әлеуметтік желіде бір видео шықты, онда бір қызды депутаттың тағы бір ұлы – Әкежанның ұрып жатқаны түсірілген.
Журналистердің бірі таяқ жеген қыздың оқиғасын өзінің Телеграм арнасына салған, онда депутаттың ортаншы ұлы қызды ұрып жатқаны айтылған.
– Ерекше ештеңесі жоқ, бір әйел өзінің Инстаграм парақшасына соққыға жығылған қыз туралы видео салыпты. А, иә, айтпақшы ол қызды ұрып-соғып жатқан Д.Тұрлыхановтың ортаншы ұлы, – дейді журналист.
Кейін видеодағы кейіпкер Инстаграмдағы жағдайға қатысты пікір білдірді.
– Міне, депутаттың балалары өз әкесінің тегін масқаралап жатыр, – деді ол бақылау камерасына түсіп қалған жағдайды баяндап.
– Осы Тұрлыханов Әкежан Дәулетұлы деген кісімен бірде-бір қыздың жолы қиылыспаса екен деп ойлаймын. Мен болған оқиға туралы басқа ештеңе жазбаймын. Не болса да, бұл адамның менімен бұлай сөйлесуге, қолымды қайыруға, мені қуыршақ сияқты жұлқуына еш құқығы жоқ еді.
Бұл жағдай әлеуметке белгісіз болып қалар ма еді, егер Тұрлыхановтың ортаншы ұлы қыздан кешірім сұрап, қатесін түсінгенде.
Журналистер депутат Дәулет Тұрлыхановтан екінші ұлының неліктен әйелге күш қолданғанын сұрағанда, ол қысқаша былай деген:
– Олар ересек адамдар, өздері шешіп алсын.
Әдептілік сабағын үйренбеген екі ұлдың әкесінің айтып отырғаны – мынау. Осыны көріп отырған әлеумет қалайша наразы болмайды? Ал қазіргі уақытта қоғамдық наразылық резонанс тудырады. Ол дегенің – үлкен күш.